Денсаулық сақтау министрлігі дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының төмендеу динамикасын жариялады. Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері арқылы еліміздегі ең сұранысқа ие 70 препараттың құнын талдаған.
Тізімге қабынуға қарсы дәрілер, антибиотиктер, жүрек-қан тамырлары препараттары, сондай-ақ асқазан-ішек жолы ауруларына арналған дәрілер енгізілген. Реттеудің жаңа тәртібі енгізілгенге дейінгі көрсеткіштер соңғы екі айдағы бағалармен салыстырылды.
Мониторинг нәтижесі бойынша аталған препараттардың орташа бағасы 12%-ға төмендеген. Министрлік бұл көрсеткіш дәрі-дәрмек бағасын реттеу тетіктерінің тиімділігін дәлелдейді деп атап өтті.
Жаңа тәртіптің алғашқы нәтижесі ретінде ведомство дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі артып, баға үстемелері біріздендірілгенін және дәріханаларда белгіленген талаптарды сақтау деңгейі көтерілгенін атап өтті.
Бұған дейін ведомство келесі жылы Қазақстанда 567 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер сатып алу жоспарланып отырғанын хабарлады. 400-ден астам дәрі-дәрмек делдалдардың қатысуынсыз тікелей сатып алынады. Сондай-ақ республика дәрілік заттарды таңбалаудың толық циклына өткені мәлімделді. Міндетті таңбалау енгізілгеннен бері елде 708,6 млн қаптама дәрі таңбаланған. Бұған қоса қазақстандықтар дәрі-дәрмектің бағасын Naqty Onim қосымшасынан тексере алады. Цифрлық қызмет еліміздегі дәріханалардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл болмақ.