Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. «Киізден жасалған картина». Заманауи суретші Әлия Қаныбекова туралы
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 27 қараша, 2025 | 14:38
4 минут - оқу уақыты

«Киізден жасалған картина». Заманауи суретші Әлия Қаныбекова туралы

Ол дәстүрлі киізді жаңа көркем тілге айналдырған шеберлердің бірі

Әлия Қаныбекованың жеке архивінен
Әлия Қаныбекованың жеке архивінен

Қазақтың заманауи өнер кеңістігінде өзіндік қолтаңбасымен танылған суретші Әлия Қаныбекова дәстүрлі киізді жаңа көркем тілге айналдырған шеберлердің бірі. Ол өзін «заманауи суретші» деп атайды, бұл – оның дәстүр мен қазіргі техниканы, қолөнер мен инновацияны үйлестіру қабілетін білдіреді.

Отбасылық дәстүрден – жеке шығармашылыққа

Әлияның өнерге келуіне шығармашылыққа толы отбасының ықпалы болды. Нағашы атасы домбыра жасайтын шебер болса, анасы «ауылдың дизайнері» атанған.

«Алғаш рет салған суретім есімде, ол кезде бес жаста болдым. Балабақшада тәрбиеші сурет салындар деген еді. Ата-анам қабілетімді сол кезде байқаған екен. Содан бері таңдауым өнер жолы болды», дейді ол.

Жүргенов атындағы өнер академиясының қолданбалы өнер мамандығы бойынша түлегі Әлия бүгінде майлы бояумен де, киізбен де жұмыс істейтін әмбебап суретші ретінде танылды. Киіз – оның қолында этнографиялық мұрадан заманауи өнер тіліне айналған материал.

«Киіз басу біздің ұлттық кодымызда бар... Мен оны тек төсеніш ретінде ғана емес, интерьер ретінде де пайдалануға болатынын көрсеткім келді», деді Әлия Қаныбекова.

Киіз – көркем ойдың жаңа формасы

«Кезінде аталарымыз күнделікті қажетті нәрсенің бәрін қолда бар шикізаттан өздері істеген. Мысалы, қарапайым ұлтарақты киізден жасаған... Киіздің пайдалы қасиеті көп. Ол жай ғана сырмақ емес, бұл – толыққанды өнер материалы», дейді суретші.

Майлы бояуды араластырып реңк алу қандай болса, Әлия екі түсті жүнді араластырып жаңа түс шығарады. Киізбен сурет салу дәлдік пен төзімділік талап етеді, әр бөлшек нақты түсуі тиіс, қателесуге болмайды.

Дегенмен, нәтижесінде қайталанбас туынды шығады. Оның осы эксклюзивті туындылары шетелдік коллекционерлердің назарын аударып жүр. Мысалы, бір америкалық азамат бірнеше жыл оның парақшасын бақылап, биыл жазда шеберханасына келіп «Күз» деп аталатын картинасын сатып алған. Кейін оны үйленетін кезде сүйіктісіне сыйлаған.

Суретшінің пікірінше, жасанды интеллект дамып, нейрон желісі салған туынды көбейіп жатқанда қолөнерге деген сұраныс та арта бастады.

«Қолөнер жанға тыныштық, миға серпіліс сыйлайды. Тіпті, жай ғана бір көрмеге барып қайтсаң, соған табиғатқа шыққандай демалып қаласың. Әр суретші өзінің ішкі дүниесін салады. Елімізде ұлттық нақыштағы туындыға, оның ішінде киізден жасалған бұйымдарға сұраныс енді қалыптасып келе жатыр», деп қосты ол.

Әлияның жұмыстарына қызығушылық артып келеді. Оның картинасы 2022 жылы Қытайдағы қысқы Олимпиада кезінде өткен Қазақстан мәдениеті көрмесіне таңдалып алынды. Айтуынша, көптеген жұмыстары жеке коллекцияларға сатылып кеткен. Ол әр картинасын қайталамайды, бұл да оның шығармаларының құнын арттырады.

«Шетелдіктер әдетте қайталанбайтын, бірегей, эксклюзивті туындыны іздейді. Мен бір салып сатқан картинамды қайталап салмаймын. Оны сатып алған адамда ғана болады. Шетелдіктер менің өнеріме не үшін ақша салады десек, қайталанбайтын өнер мен құндылық үшін деп ойлаймын», деп толықтырды сөзін суретші.

Шикізат тапшылығы

Әлия өзін «еркін суретші» деп атайды: оның агенті де, менеджері де, инвесторы да жоқ. Барлық ұйымдастырушылық жұмысты өзі істейді.

«Өнерге бизнес деп қарамаймын. Әр туындым жүрегімнен шығады. Бастапқыда оны сататын кезде қимай, әрең жіберетінмін. Ол дұрыс емес екен. Кейін оны жүрекпен жасап, оңай жіберетін болдым. Суретті сату үшін салмаймын. Бұл өнер, оны көрсету керек», деді ол.

Сонымен қатар суретші шикізат тапшылығы туралы айтты. Айтуынша, аграрлы елде қажетті негізгі шикізат - жүн тапшы.

«Қазақстан – аграрлы ел екенін білеміз. Алайда елімізде киіз басуға қажетті басты шикізат - жүн жоқ дегенге сенесіз бе? Шикізатты табу, алу қиын. Алсаң қымбат. Ауылда қойдың жүні не шіріп, не өртеніп жатады. Өзімізде қаншама шикізат шығады, соны пайдалану білмейміз. Қазір жүнді Тараз бен Шымкенттегі жүн өндеу фабрикасынан алам. Ол бірде ашылады, бірде жабылады. Бұрындары Ресей, Белорусь пен Украинадан алдыртып жүрдім. Өйткені сатып алайын десең, елде болмайды. Шетелден алған соң бағасы қымбатқа түседі», деді ол.

Ұстаз, белсенді азамат, перформанс авторы

Суретші бірнеше жыл балалар көркемсурет мектебінде сабақ берген. Оқушыларының көбі кейін жоғары оқу орындарына грантқа түскен. Қазір де Әлия шетелдік студенттерге дейін қатысатын шеберлік сабақтарын өткізеді. Жеке дәріс пен мастер класс өткізіп, киіз басуды үйретеді.

«Бірде 18 шетелдік студентке мастер класс өткіздім. Бір уыс жүнді көрсетіп, осыдан өз қолымызбен бұйым жасаймыз дегенде сенбеді, болған соң таңғалды. Ұлттық технология екенін түсіндірдім», дейді суретші.

Ол тек өнермен шектелмей, елде болып жатқан әлеуметтік қоғамдық маңызы бар оқиғаларға қатысты азаматтық ұстанымын білдіріп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырумен айланысады. Талдыкөлді қорғауға арналған перформанс — соның бірі.

«Пандемия кезінде шектеу қойылғанда, күн сайын отбасымызбен көлдің айналасында серуендеп жүретінбіз. Сонда аққулардың ұшып келгенін көріп таңғалдым. Кейін шектеулер алына бастаған соң, маңайда қозғалыс көбейді, көліктің дыбысынан аққулардың үні естілмей қалды. Құрбы қыздарды шақырып, ақ матадан киім мен кимешек тігіп киіп, көлді айналып жүріп шықтық. Ондағы идея аққу сияқты ақ киіммен жүріп өтіп, көпшіліктің назарын көлге назар аудару еді. Талдыкөлді сақтап қалу үшін 70-ке жуық перфоманс болған екен, біз ең соңғысын жасадық», деді ол.

Әлияның бастамасымен Астанадағы мұсылман модасы апталығында кимешек киген 16 қыздың самокатпен жүріп өткен перформансы жасалды. Қазақы киім мен қалалық динамиканы біріктірген бұл көрініс әлеуметтік желіде кең тарап, қолдауға ие болды.

«Кимешек қазақтың ұлттық киімі. Ұлттық нақыш пен дәстүрді заманауи техниканы үйлестіріп, әдемі көрініс жасағым келді», деді суретші.

Әлия – көпбалалы ана. Анасының шығармашылық қабілеті балаларына да дарыған: үлкен қызы елдегі телеарнаның бірінде қоюшы-суретші болып жұмыс істейді. Ортаншы ұлының да өнерге икемі бар. Бүгінде оның шығармашылықпен айналысуына жағдай жасап, қолдап білдіріп отырған жанашыры – отбасы.

Алдағы уақытта Әлия туризммен байланысты бірқатар жаңа идеяны жүзеге асыруды жоспарлап, инвестор іздеп жүр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.