Степногорскте индустриялық аймақ құрылып жатыр. Ол қаланың индустриялық әлеуетін дамытып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырады деп күтіліп отыр.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қаланың индустриялық әлеуетін дамыту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі негізгі міндеттерді айқындады. Оның ішінде маңызды міндеттің бірі - индустриялық аймақ құру екенін атап өтті.
Бүгінгі күні Степногорск жоғары өнеркәсіптік әлеуетке және электр- жылу энергиясының профицитіне ие, бұл өңірдің өнеркәсіптік өнімінің 23%-ын құрайды.
Жаңа өндірістерді тарту және экономиканы әртараптандыру мақсатында қалада индустриялық аймақ құрыла бастады. Онда шикізатты қайта өңдеу, жеңіл металлургия, машина жасау және тамақ өнеркәсібі бағытындағы кәсіпорындарды орналастыру жоспарланып отыр.
«Ең алдымен құқықтық инфрақұрылым болуы тиіс, сіздердің міндеттеріңіз -нормативтік-құқықтық құжаттаманы дұрыс әзірлеу. Бүгінгі таңда Концепция дайын, біз индустриялық аймақтың ашылғанын жариялап, инвесторларды қабылдауды бастаймыз. Өз жобаларын жүзеге асыруға дайын алғашқы инвесторлар бар, «Organic Food» ЖШС фри өндірумен айналысатын болады. Біз кез келген емес, жоғары қосылған құн, экспорттық әлеует және жаңа жұмыс орындарын құратын стратегиялық маңызды салаларды тартуымыз керек», деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар өңір әкімі Степногорск қаласының өнеркәсіптік бөлігінде орналасатын болашақ индустриялық аймақтың аумағын аралап көрді. Қазір аталған аумақ инженерлік желілерге, жылу және сумен қамту жүйелеріне қосылу мүмкіндігі бар инфрақұрылымдық жағынан дайын. Теміржол тармағына және автожолға жақын орналасуы кәсіпкерлер үшін логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтеді.
Дереккөз: Ақмола облысы әкімдігі