Қазақстанда көлеңкелі экономиканы қысқарту мақсатында міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізімі кеңейтілді. Сауда және интеграция министрлігі жариялаған жаңа бұйрыққа сәйкес, тізім сыра өнімдері, мотор майлары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және сайғақ дериваттары (мүйіздері) төрт жаңа санатпен толықты
Цифрлық таңбалау – әр тауар бірлігіне Data Matrix бірегей коды қойылатын жүйе. Бұл код өндірілген немесе импортталған сәттен бастап өнімнің бүкіл қозғалысын арнайы ақпараттық жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл нарықтағы ашықтықты арттырып, адал бәсекелестікке жағдай жасайды әрі тұтынушыларды сапасыз және заңсыз өнімнен қорғайды.
«Тауарлар тізбесінің кеңеюі олардың айналымын бақылау деңгейін арттырып, көлеңкелі сауда мен контрафактілік өнім көлемін азайтады. Жаңа талаптарды енгізу заңды бизнестің тұрақты дамуына, экономиканың нығаюына және тұтынушылардың құқығының қорғалуына ықпал етеді», – деп атап өтті ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Асет Нүсіпов.
2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап сайғақ мүйіздері міндетті түрде таңбаланады. Заманауи сәйкестендіру технологияларын қолдану бұл өнімдердің заңды айналымын нақты бақылауға, олардың шығу тегін анықтауға және браконьерлікпен күреске мүмкіндік береді.
Сыра өнімдері мен мотор майларын таңбалау 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау да бірнеше кезең арқылы жүзеге асып, алғашқысы 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталады.
Сауда саласындағы негізгі міндеттердің бірі – ашық нарық қалыптастыру, қатысушылар үшін тең жағдай жасау және тұтынушыларға сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну. Цифрлық таңбалау осы мақсаттарға қол жеткізудің тиімді құралы ретінде қарастырылып отыр.
Қазіргі уақытта темекі, аяқ киім және дәрілік заттар секілді үш тауар тобына міндетті таңбалау қолданылады. Бүгінге дейін 7 миллиардтан астам тауар бірлігі таңбаланған. Сонымен қатар зергерлік бұйымдарды таңбалаудың пилоттық жобасы аяқталса, биологиялық белсенді қоспалар, тұрмыстық химия, газ баллондары, медициналық бұйымдар, өсімдік майы және ағаш материалдарын таңбалау бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Дереккөз: ҚР Сауда және интеграция министрлігі