Алматыдағы NFA Expo-2025 халықаралық тұтыну тауарлары көрмесіне биыл Қазақстан, Қытай, Италия, Түркия, Ресей, Беларусь, Латвия және Өзбекстаннан барлығы 127 компания қатысып отыр.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы көрме тарихтағы ең кең категориялық қамтумен өтіп жатыр. Экспозициялар тұрмыстық химия, асүй құралдары, тұрмыстық техника, косметика, парфюмерия, балалар тауарлары, интерьерлік шешімдер, бақша өнімдері және HoReCa секторының жабдықтарын қамтиды. Жаңашыл бағыт ретінде Retail Tech бөлімі ұсынылып, ритейлге арналған IT-шешімдер мен технологиялық құралдар көрсетілуде. Қытайдың ұлттық экспозициясы да ерекше қызығушылық тудырып отыр.
Көрменің маңызды трендтерінің бірі — жеке сауда маркаларын (private label) дамыту. Қатысушылардың жартысынан астамы сауда желілері үшін келісімшарттық өндіріс жасауға дайын екенін білдірді. NielsenIQ деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда Қазақстанда жеке маркалардың үлесі екі есеге жуық өскен, ал тұтынушылардың 60%-дан астамы оларды айына кемінде бір рет сатып алады.
Көрме аясында байерлік бағдарлама да белсенді жұмыс істеп жатыр. Magnum, Small, Toimart, Korzinka, Wildberries және басқа да ірі сауда желілерінің өкілдері өндірушілермен жаңа маусымға арналған ассортимент пен серіктестік шарттарын талқылауда.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтуде.
Дереккөз: ҚР Сауда және интеграция министрлігі