Соңғы жылдары елордада 21 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы және қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін емханалар жанындағы 19 филиал бүгінде қызмет көрсетуде.
Жыл соңына дейін «Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында ауысым сайын 350 келушіден қабылдай алатын жекеменшік клиника ашу жоспарланып отыр. Бұл клиника тұрғындарға мемлекеттік тапсырыс бойынша қолжетімді медициналық көмек көрсетеді.
Келер жылы «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен №2 қалалық көпсалалы ауруханада қабылдау-диагностикалық кешенінің, сондай-ақ Сарыарқа ауданында 250 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында балаларға арналған 200 орындық травматология орталығының құрылысы басталады.
Алдағы үш жылда барлығы 11 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Алматы ауданында перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпсалалы аурухана, жаңа әрі толыққанды 6 емхана (екеуі – мемлекеттік) және жедел медициналық көмек көрсететін 3 қосалқы станция бар.
Дереккөз: Астана қаласының әкімдігі