Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. 17 санатқа жатқызылған қазақстандықтар арнайы мемлекеттік жәрдемақы алып отыр
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 27 қараша, 2025 | 10:25
1 минут - оқу уақыты

17 санатқа жатқызылған қазақстандықтар арнайы мемлекеттік жәрдемақы алып отыр

2025 жылдың он айында оларға 22,3 млрд теңге төленді

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Қазақстанда ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, оны алушыларының саны 207 780 адамды құрап, оларға 22,3 млрд теңге төленді.

Арнайы мемлекеттік жәрдемақы 1999 жылы енгізілген.

Арнайы жәрдемақы алуға құқылы азаматтардың 17 санаты Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен басқа мемлекеттердің аумағында өткен әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер; Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар; Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері; «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар; тыл еңбеккерлері; Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар; саяси репрессиялардың құрбандары, мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер; Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да азаматтар.

Жәрдемақы мөлшері алушының санатына байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (әрі қарай – АЕК) дейін өзгеріп отырады. Төлем көлемі жыл сайын АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіп бойынша индекстеледі.

Сонымен қатар, егер азамат бірнеше негіз бойынша жәрдемақы алуға құқылы болса, ол тек олардың біреуі бойынша, өз таңдауы ескеріліп төленеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.