Абай обылысында жылына 300 мың тонна тұрмыстық қалдықты қабылдай алатын жаңа полигон салынып жатыр. Оның құрылысына 8 млрд теңге жұмсалады.
Құрылысты түркиялық «Maхimsan A.T.S ST» компаниясы жүргізетін болады. Сұрыптау цехының жылдық өнімділігі – 75 мың тонна деп есептелген. Аталған шетелдік компания 25 жыл бұрын Семейдегі көпірдің құрылысына да қатысқан.
«Абай облысы әкімдігімен қол қойылған ынтымақтастық меморандумы аясында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысын Семейден 16 шақырым жерде екі ай бұрын бастадық. 100 гектар аумақта әкімшілік-тұрмыстық корпус, сұрыптау ғимараты және басқа да құрылыстардың іргетасы қалануда», – деді «Maхimsan» компаниясының вице-президенті Мехмет Каплан.
Жаңа полигон құрылысы 2027 жылдың II тоқсанында аяқталып, толық пайдалануға беріледі.
Өңір басшысы Берік Уәли құрылыс алаңына барып, мердігерлерге жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
«Бұл жобаның Семей қаласы үшін маңызы зор. Жаңа полигон іске қосылғаннан кейін облыс орталығындағы қалдықтарды басқару жүйесі жаңарып, экологиялық ахуал айтарлықтай жақсарады», - деді ол.
Еске салсақ, биылғы облыс әкімдігі мен «Makimsan A.T.S St.» компаниясын меморандумға қол қойған. Соның аясында Семей қаласындағы бірнеше көшелерге темір жол үсті көпірлерін салу, «Мәңгілік Ел» көшесі мен Бейбітшілік аралын жалғайтын жаяу жүргінші көпірін тұрғызу, Мақаншы және Аягөз аудандарында кәріз-тазарту нысандарын, Семей қаласында қоқыс полигонын салуға келіскен.
Сонымен қатар Құнанбай көшесінен Шығыс кентіне дейінгі бағытта автокөлік және жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу, Семейдегі аспалы көпірді қайта жаңғырту, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта заманауи әкімшілік ғимараттар салу сынды бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған.
Дереккөз: Абай облысы әкімдігі