Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Италияның «Cook» басылымы мерейтойлық шығарылымын Қазақстанға арнады
  1. Жаңалықтар
  2. Туризм
Astana, Kazakhstan • 27 қараша, 2025 | 13:07
1 минут - оқу уақыты

Италияның «Cook» басылымы мерейтойлық шығарылымын Қазақстанға арнады

Арнайы жобада Қазақстанның туристік әлеуеті, ұлттық асханасы және өңірдің мәдени мұрасы туралы баяндалды

Kazakh Tourism
Kazakh Tourism

Еуропаның ең көне медиа ресурстарының бірі – «Corriere della Sera» құрамындағы итальяндық «Cook» гастрономиялық журналы өзінің мерейтойлық 80-шы нөмірін Қазақстанға арнап шығарды.

Басылымда еліміз шетелдік аудиторияға Орталық Азияның тартымды гастрономиялық бағыты ретінде ұсынылып, заманауи қазақ асханасының «Neo Nomad» тұжырымдамасы жан-жақты таныстырылған.

Арнайы жоба аясында ұжым Қазақстанның туристік әлеуетін, ұлттық асхананың ерекшеліктерін және өңірдің мәдени мұрасын зерттеді. Шығармашылық топ 50 Best Discovery секілді беделді халықаралық рейтингтерге енген қазақстандық мейрамханаларға барып, негізгі гастрономиялық локацияларды аралады. Олардың қатарында: Qazaq Gourmet, Auyl, Gruppo 63, Jinau, Sandyq және Tary мейрамханалары бар. Материалдың бір бөлігі еліміздегі шарап өндірісінің дамуы туралы баяндайды.

Басылым Қазақстан табиғатының алуан түрлілігі мен бірегейлігін ерекше атап өтті. Авторлар Қайыңды көлін «Швейцария пейзажына ұқсас табиғи көрініс» деп сипаттап, су астында сақталған шыршалардың әсерлі көрінісін ерекше көрсетеді. Сондай-ақ Шарын каньоны «әлемдегі ең ірі каньондардың бірі» ретінде аталып, Маңғыстау өңіріндегі тұзды шөлдер мен кең даланың көпқырлы ландшафты туралы мәлімет беріледі.

Италиялық оқырмандарға қазақ ұлттық тағамдарының тарихы мен дайындалу тәсілдері де таныстырылды. «Cook» журналының беттерінде және Corriere della Sera ресми сайтында сарапшы Айгерім Мұсағажинова бауырсақ, құрт және дәстүрлі «балғын сүр ет» әзірлеудің қыр-сырымен бөлісті.

ДереккөзKazakh Tourism

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.