«СҚ-Фармация» сатып алу науқаны шеңберінде 2000-нан астам дәрілік зат пен медициналық бұйымды сатып алады - бұл 2025 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға артық. Бұған бюджеттен 567 млрд теңгеден астам қаржы қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, негізгі өзгерістердің бірі өндірушілерден тікелей сатып алу үлесінің артуы болды. 2026 жылы 400-ден астам дәрі-дәрмек делдалдардың қатысуынсыз тікелей сатып алынады, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 2,7 есе артық.
«Негізгі назар тікелей өндіруші зауыттардан баға ұсыныстарын сұрауға аударылады, бұл сатып алу бағасын төмендетуге, ашықтықты арттыруға және құнның қалыптасуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», деді министрлікте.
Сатып алу бұрынғыдай БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және СТОП ТБ халықаралық ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. Халықаралық институттар арқылы сатып алынатын позициялардың саны 87%-ға (23-тен 43-ке дейін) ұлғайды. «Мұндай механизм бәсекеге қабілетті әлемдік бағалар есебінен айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етеді, ал босатылған қаражат пациенттерді қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады», деп қосты ведомствода.
Биылғы жылдың желтоқсан айында сатып алынған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2026 жылдың қаңтарынан бастап ол медициналық ұйымдарға жеткізіле бастайды.
Биыл сатып алу ережелеріне жаңа тетік – баға ұсыныстарын сұратуды бекітетін өзгерістер енгізілген болатын. Нәтижесінде өндірушілер тікелей сатып алатын препараттардың саны 2025 жылғы науқанмен салыстырғанда 5 еседен астам өсті.
Айта кетейік, биыл дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алуда 70 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген. Бірыңғай дистрибьютор тікелей сатып алу үлесін кеңейтуді және өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жүйесіне көшуді жоспарлап отыр. Бұл бағаның тұрақтылығын, жеткізілімнің болжамдылығын және логистиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Дереккөз: Денсаулық сақтау министрлігі