Еліміздегі екінші деңгейлі банктердегі салымдар биылғы жылдың қазан айында 45,7 трлн теңгеге жетіп, рекордтық көрсеткіш көрсетті. Бұл өткен аймен салыстырғанда, 2,2%-ға көп. Өсім негізінен еліміздің ең ірі банктері есебінен қалыптасып отыр. Депозиттік қордың 90%-ы үздік 10 қаржы институтының үлесінде. Бұл мәліметтерді ranking.kz жариялады.
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында 23 екінші деңгейдегі банк жұмыс істеп тұр, оның 15-і шетелдік қатысуы бар банк болса, 10-ы еншілес банк болып табылады.
Еліміздегі жетекші банктердің арасында салымдардың көлемі бойынша ең жоғары өсімді ForteBank көрсетті, салымдар 7,8%-ға ұлғайып, 3,4 трлн теңгеге жетті, бұл сектордағы орташа көрсеткіштен бірнеше есе жоғары. Салымдардың жалпы көлемінің өсімі бойынша екінші орынға Bank RBK орналасты. Ондағы салымдар 7,1%-ға артып, 1,6 трлн теңгеге жеткен.
Үздік үштіктің қатарында салымдары 4%-ға артқан Alatau City Bank тұр. Үздік бестікке Halyk Bank (+ 3,7%) және Freedom Bank (+ 3,1%) кіреді.
Кейінгі жылдары еліміздің банктеріндегі салымдар тұрақты өсім көрсетіп келе жатқаны байқалады. Атап айтсақ, биылғы жылдың қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша депозиттердің жалпы көлемі бір жылда 18,2%-ға артқан, ал соңғы бес жылда бұл көрсеткіш екі еседен артық өскен.
Банктердегі депозиттердің өсіміне ықпал ететін факторлар ретінде жоғары пайыздық мөлшерлеме, банк жүйесіне сенімділік, цифрлық қызметтердің дамуы, қаражаттың қауіпсіздігі мен қорғалуы, өтімділік, ыңғайлылық және қосымша бонустар екені атап көрсетілген.