Қазақстанда білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні (ЖИ) этикалық әрі қауіпсіз пайдалану үшін ұлттық модель әзірленуде. Бұл бағытта мектептерге арналған ЖИ қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар жасалып жатыр.
Халықаралық тәжірибе ЖИ-ді сәтті енгізу педагогтердің біліктілігіне, этикалық қағидаттарға және қоғамның технологияларға деген сеніміне тікелей байланысты екенін көрсетеді.
Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Зейнеп Мақсұтованың айтуынша, Қазақстан жасағалы отырған ұлттық модель жаңа технологияларды саналы қолдануға, адамның рөлін сақтауға және процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Қазақстан білім беру жүйесіне ЖИ интеграциясының ұлттық моделін жасауда. Ол этикалық, қауіпсіз, педагогикалық негізделген және оқушылар мен ұстаздардың әлеуетін барынша ашуға бағытталған. Негізгі мақсат — жаңа технологияларды саналы түрде қолдану, адамның рөлін сақтау және барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету», - дейді комитет өкілі.
Ұлттық модельді әзірлеу барысында Эстония, Оңтүстік Корея, АҚШ сынды елдердің тәжірибелері зерттеліп, халықаралық ұйымдардың ұсыныстары ескерілген.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігі