Finprom дерегіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда IT саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 25,9% өсті. Оның ішінде 1,4 трлн теңгенің қызметі – заңды тұлғаларға, 81,7 млрд теңге жеке тұлғаларға көрсетілсе, шетелдік резидент еместерге көрсетілген қызмет көлемі 303,7 млрд теңгеге жетті.
Қызметтердің басым бөлігі Алматы қаласына тиесілі болды – 962,3 млрд теңге. Екінші орында Астана тұр – 607,9 млрд теңге. Қарағанды облысы бұл тізімде 37,9 млрд теңгемен үшінші орында. Ел бойынша ең көп сұранысқа ие қызметтер қатарында бағдарламалық кодты әзірлеу және тестілеу (642,8 млрд теңге), сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету мен ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу (229,5 млрд теңге) бар.
Саладағы жұмыс күші де ұлғаюда. 2024 жылдың үшінші тоқсанында ақпарат және байланыс саласында жұмыспен қамтылғандардың саны 200,5 мың адамға жетіп, бір жылда 7,8% артқан. Жұмысшылардың ең көп шоғыры Астанада байқалды – 53,5 мың адам, бұл өткен жылға қарағанда 34,1% көп. Алматы мен Алматы облысы одан кейінгі орындарды иеленді.
IT саласындағы орташа айлық жалақы да өсім көрсетті. Биылғы үшінші тоқсанда орташа жалақы 818,1 мың теңгеге жетіп, бір жылда 21,5% артты, ал нақты өсім 8,2% болды. Ең жоғары жалақы Астанада тіркелді – 975,3 мың теңге, Алматыда орташа табыс 898,8 мың теңгені құрады, ал Алматы облысында бұл көрсеткіш 791,9 мың теңге болды. Ең төменгі жалақы Жетісу облысында – 360,4 мың теңге.