Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Әр кәсіпкердің жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі»
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 05 желтоқсан, 2025 | 15:19
2 минут - оқу уақыты

«Әр кәсіпкердің жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі

Telegram / Aqorda
Telegram / Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде кәсіпкерлердің ел экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Президент биылдан бастап 29 қазан «Қазақстан кәсіпкерлері күні» деп ресми бекітілгенін, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілікті жоғары көрсеткен кәсіпкерлерге берілетін «Мейірім» орденін тағайындағанын хабарлады. 

«Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6%-дан асады. Елдің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан асып отыр. Шағын және орта бизнес үлесі 40%-ға жетіп, 4,5 миллион адам осы салада еңбек етеді», – деді Президент.

Қазақстандағы экономикалық көрсеткіштер де өсіп келеді: шикізаттық емес экспорт көлемі екі есеге жуық ұлғайды; өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн бес жылда 25%-дан асты; негізгі капиталға тартылған инвестициялар 70%-ға көбейді; нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40%-ға артты; тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны үш есе көбейді. Қазір өнімдеріміз 140 мемлекетке экспортталады.

Президент шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, кәсіпкерлікті жандандыру үшін Үкімет нақты шаралар қолданатынын атап өтті. «Ең алдымен қосылған құны жоғары, сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске жағдай жасау маңызды. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлердің істерін кеңейтуіне серпін берілуі керек», – деді ол

Цифрландыру мен жасанды интеллекттің рөлі де ерекше аталды. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ІЖӨ-ге 17-26 трлн доллар пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады. Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу ІЖӨ-ге 14–20 млрд доллар кіріс әкелуі мүмкін. Президент креативті индустрияны дамыту әлеуетін де атап өтті. Бұл сектор әлемде жыл сайын 2 трлн доллардан аса табыс әкеліп, 50 миллионнан астам жұмыс орнын ашуға қауқарлы. Қазақстанда креативті индустрияның үлесі қазіргі таңда ІЖӨ-нің 1%-ын ғана құрайды, бірақ әлеует жоғары.

Мемлекеттік қолдау шаралары аясында «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен 2 трлн теңгеге жетті. 2229 жобаға жалпы сомасы 400 млрд теңгеден астам кредит берілді, оның ішінде 220 млрд теңге мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді. Экспортқа басымдық беретін, отандық шикізатты пайдаланатын, инновациялар мен технология трансферін енгізетін кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі.

Марапатталғандар қатарында «Парыз» сыйлығын Солтүстік Қазақстан облысының «Ақ-Ниет-Агро» ЖШС (шағын және орта бизнес), Ұлытау облысының «Қазақмыс» корпорациясы (ірі бизнес) алды. «Алтын сапа» сыйлығына «Үздік индустриалдық жоба» – «Karlskrona LC AB» (Шымкент), «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша «AG TECH» (Астана) компаниялары ие болды.

Президент кәсіпкерлерді құттықтап, мемлекет тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді және кәсіпкерлердің ел экономикасына қосқан үлесі – ұлттық мерейдің көрсеткіші екенін атап өтті.

Дереккөз: Ақорда

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.