Биылдан бастап халықаралық ғылыми жоба байқауларында жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік бір реттік ақшалай сыйақы тағайындалатын болды.
Бұл норма Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында енгізілді. Жаңа ереже балаларды білім мен ғылымға қызықтыруды күшейтуге бағытталған.
Бұл өзгеріс дарынды жастарды қолдауға арналған реформалардың жалғасы саналады. Бұған дейін осындай сыйақы тек халықаралық пәндік олимпиадалар жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына беріліп келген. Енді халықаралық беделді ғылыми байқаулардың алтын жүлдегерлері 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлері 1000 АЕК, ал қола медаль алғандар 500 АЕК көлемінде мемлекеттік төлем алады. Сондай-ақ оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге 26,5 базалық лауазымдық айлыққа дейін сыйақы қарастырылған.
Биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен 7 беделді халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 27 медаль жеңіп алды: 4 алтын, 13 күміс және 10 қола. Нәтижесінде 27 жеңімпаз оқушыға 94,3 млн теңге, ал 24 педагогке 7,4 млн теңге төленді.
Жаңа нормалар дарынды балаларды қолдау жүйесін нығайтып қана қоймай, білім саласындағы жоғары нәтижелердің беделін арттыруға, сондай-ақ еліміздегі олимпиадалық және ғылыми қозғалыстың дамуына серпін бермек.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігі