Мемлекет басшысы ауыл еңбеккерлерінің жиынында еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отырғанын, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажеттігін атап көрсетті.
«Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту – маңызды міндет. 2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет. Тиісті жобалар аз емес, олардың бірнешеуімен жиын алдында таныстым, бірақ бір жерде тоқтап қалуға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе, озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет екенін атады.
«Үкімет агроөнеркәсіп кешеніне қатысты 200-ден астам инвестициялық жобаның тізімін жасады. Жалпы құны шамамен 4 триллион теңге (үш жылда) болатын бұл жобалар 12 бағыт бойынша жасалған. Енді осы жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетілуі керек. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет», – деді ол.
Дереккөз: Ақорда