Алматы облысында көкөністер мен жемістерді терең өңдейтін заманауи зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 70 мың тонна өнімді өңдеуге арналған.
Жоба қазақстандық «Qazaq Global Food JV» компаниясымен жүзеге асырылып, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамытуға және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта осы салада ірі түрік компаниясы Göknur Gıda-пен Off-take келісіміне қол қойылды. Келісімге сәйкес, аталған компания болашақ кәсіпорын өндірген өнімдердің, оның ішінде алма шырыны концентраты мен басқа да өңделген тауарлардың экспортын жүзеге асыратын стратегиялық оператор болады. Бұл серіктестік ұзақ мерзімді өткізу кепілдіктерін қамтамасыз етіп, қазақстандық өндірушілердің шетелдік нарықтарға қолжетімділігін кеңейтеді және Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық саудадағы позициясын нығайтады.
Жаңа зауыт заманауи өңдеу технологияларымен жабдықталып, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және отандық агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға ықпал етеді. Жобаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 9,5 млрд теңгені құрайды.
Дереккөз: ҚР АШМ