Қазақстанның барлық өңірінде мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған білім берудің жаңа интерактивті құралы – «Qarzhy Sagshysy» компьютерлік ойыны басталды.
«Qarzhy Sagshysy» – 10-11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған білім беру ойыны. Ойын 2025 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылып, 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Жобаны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен AML Academy-сы және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) бірлесіп әзірлеген.
Аталған ойын еліміздің барлық өңіріндегі мектептер мен колледждерде өткізіліп жатыр.
Ойынның басты ерекшелігі – оқушыларға қаржылық қатерлерді теориялық тұрғыда емес, интерактивті форматта меңгереді. Қатысушылар осы кезеңдегі ең кең таралған алаяқтық түрлерімен танысады. Атап айтқанда: қаржы пирамидалары: жоғары табыс уәде етіп, негізінде жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен жұмыс істейтін схемалар, дропперлік, алаяқтардың ақшасын заңсыз шығарып алуға көмектесу мақсатында өз банк карталарын немесе шоттарын ұсыну және әлеуметтік инженерияны Адамдардың психологиялық осал тұстарын пайдаланып, құпия деректерді (парольдер, карта кодтары) иемдену туралы айтылады.
Бұдан бөлек, ойын барысында оқушылар цифрлық гигиенаның негіздерін меңгереді, бұл оларға жеке деректерін интернетте қалай қорғау керектігін үйретеді.
Оқушылар екі апта бойы білімдік сайысқа түсіп, соңында үздіктер анықталады. Шара қорытындысы бойынша аудандық деңгейдегі жүлдегерлермен қатар, облыстық және республикалық кезеңдердің жеңімпаздары да анықталады. Ең жоғары нәтижеге қол жеткізген оқушылар 2025 жылғы 22-31 желтоқсан аралығында дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.