Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылғы 4 желтоқсаннан бастап «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасының географиясы Ұлытау облысына кеңейтілгенін хабарлады. Осы күннен бастап жобаға Жезқазған қаласының тұрғындары да қатыса алады.
«Salyq кэшбэк» – микро және шағын бизнес субъектілерінен фискалдық чектер алуды ынталандыруға бағытталған бастама. Жоба 2025 жылғы 15 наурыздан бері кезең-кезеңімен іске қосылып келеді: сәуір, мамыр, маусым, шілде және қазан айларында жаңа өңірлер қосылған.
Жобаға кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін сатып алу кезінде фискалдық чек алу және «Amian» мобильді қосымшасындағы штрих-кодты сканерлеу жеткілікті. Қатысушылар сатып алу сомасының 2%-ы мөлшерінде кэшбэк алады. Қайтарылған қаражатты банк картасына немесе мобильдік балансқа аудару мүмкіндігі бар.
2025 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша пайдаланушыларға төленген кэшбэк сомасы 127 млн теңгеден асты. Пилоттық жоба іске асырылған өңірлерде оң динамика байқалады: берілген чектер саны 48%-ға, олардың жиынтық сомасы 38%-ға артқан.
Комитет «Amian» қосымшасы арқылы фискалдық чектерді талап етуді ынталандыру мақсатында басқа да акцияларды іске асырып отыр: «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал!», «Бәйге», «Чекті талап ет – Halyk Bank сыйлығын ұтып ал!». Сыйақыларды есептеу қызметін «IT Analytics» ЖШС оператор ретiнде қамтамасыз етеді. Қосымша App Store және Google Play платформаларында тегін қолжетімді.
Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды ашық есеп айырысу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобаларға белсенді қатысуға шақырды.