Таеквондодан Бейбарыс Қаблан Кенияның астанасы Найробиде өтіп жатқан U21 арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.
Жарыстың бірінші күнінде-ақ 87 келіде сынға түскен отандасымыз финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ян Чжунённен басым түсті.
Таеквондошыны тарихи жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтады.
– Бейбарыс Қабыланды таеквондодан 21 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем чемпионы атануымен құттықтаймын! Ол Кенияда өткен байрақты бәсекеде еліміздің мерейін үстем етіп, Қазақстан тарихында таеквондодан алғашқы алтын жүлдені жеңіп алды. Спортшының алар асуы, бағындырар биігі көп болуына тілектеспін, – делінген құттықтауда.
Айта кетейік, 21 жасқа дейінгі әлем чемпионаты алғаш рет ұйымдастырылып жатыр.
3-6 желтоқсан аралығында жалғасатын жаһандық додада 79 елден 452 спортшы бақ сынауда.