Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. ӘКК-де жүйелі дағдарыс: Аудит 528 млрд теңге тиімсіз пайдаланғанын анықтады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 02 желтоқсан, 2025 | 14:04
2 минут - оқу уақыты

ӘКК-де жүйелі дағдарыс: Аудит 528 млрд теңге тиімсіз пайдаланғанын анықтады

Әлеуметтік корпорацияларды бір орталықтан басқару мен нақты регламенті жоқ

gov.kz
gov.kz

Жоғары аудиторлық палата өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметіне жүргізген кешенді аудит нәтижелерін жариялады. Тексеру қорытындысы әлеуметтік корпорациялардың жұмысында жүйелі проблемалар жинақталғанын көрсетті.

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста аудиторлар ӘКК-нің мемлекеттік жоспарлау жүйесіне интеграцияланбағанын, олардың даму жоспарлары формалды сипатта екенін және сыртқы бағалауға жатпайтынын атап өтті. Корпорациялардың жұмысы өңір әкімдіктерінің тиімділігіне ықпал етпейді, ал олардың өзі қандай функция атқаруы тиіс екені нақты айқындалмаған.

«Өңірлерде өздері ( ӘКК- ред) дұрыс деп тапқанның барлығын жасап жатыр. Көп жағдайда бұл тіпті Кәсіпкерлік кодексіне де қайшы келеді», деді Смайлов.

Соңғы бес жылда ӘКК-ге 528 млрд теңгеден астам мемлекеттік қаражат бөлінген. Оның 288 млрд теңгесі кәсіпкерлік жобаларды кредиттеуге бағытталған. Алайда өңірлік дамуға серпін беруі тиіс жобалар іске асырылмай, қаражаттың басым бөлігі банктік депозиттерге орналастырылған.

Тексерілген корпорациялар бойынша жинақталған шығын 2020 жылмен салыстырғанда жеті есеге өсіп, 2025 жылдың басында 209 млрд теңгеден асты. Дивидендтер төлеу көлемі тұрақсыз: 2024 жылы ӘКК бюджетке небәрі 0,5 млрд теңге ғана бағыттаған — бұл бір жыл бұрынғыдан төрт есе аз.

Сонымен қатар корпорациялардағы коммерциялық жобалар, мүдделер қақтығысы және реттеусіз несие беру туралы айтылды. Мәселен, аудит барысында бірқатар ӘКК коммерциялық жобаларға заңсыз қатысқаны анықталды:

• «Ертіс» ӘКК 16,6 млрд теңгеге коммерциялық тұрғын үй салып жатыр. Аудит 3,3 млрд теңгеге бұзушылық анықтады.

• «Aqjaiyq» ӘКК-ге берілген жерлер игерілмеген немесе басқа мақсатқа ауыстырылған.

• «Ақтөбе» ӘКК соңғы үш жыл бойы бір ғана жеке компанияны қаржыландырып келген, ал несиені мақұлдаған комиссия құрамында сол компанияға қатысы бар тұлға болған. Несие кепілсіз және бұзушылықпен берілген.

• «Семей» ӘКК жобаларды қаражатты тез игеру мақсатында талдаусыз мақұлдаған.

Сонымен қатар тұрақтандыру қорлары да нәтиже бермей отырғаны туралы мәселе көтерілді. Палата мәліметінше, тұрақтандыру қорларында өнімдердің сақталуы талапқа сай емес, ассортимент шектеулі, ал сатып алынатын тауарлар сұранысқа сай келмейді. ӘКК-нің сауда-сатып алу және «айналым схемасы» бойынша кредиттеу тәжірибесі де күтілген нәтижені бермеген.

Аудит нәтижесінде 138 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды. Сондай-ақ 14,5 млрд теңге тиімсіз жоспарланған, 33,6 млрд теңге бюджет қаражаты мен активтері тиімсіз пайдаланылған. Жоғары аудиторлық палата 14 материал құқық қорғау органдарына берілетінін хабарлады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.