Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 10 айда 5,8%-ға өсті
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 02 желтоқсан, 2025 | 13:41
2 минут - оқу уақыты

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 10 айда 5,8%-ға өсті

Металлургия, машина жасау және химия саласында он динамика байқалды

Freepik
Freepik

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде биылғы жылы да оң даму динамикасы сақталды. 10 айдың қорытындысы бойынша металлургия саласында 0,7%, машина жасауда 11,5%, химия өнеркәсібінде 10,9%, құрылыс материалдарын өндіруде 5,3% өсім байқалып, жалпы өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8%-ға өсті.

Өндірістің өсуіне іске қосылған жаңа жобалар өз үлесін қосуда. Қазіргі таңда 147 жоба жүзеге асырылып, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында Chery, Changan, Haval, Tank брендтерінің жеңіл автокөліктерін шығаратын жобалар, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминий қаптамалар, тұрмыстық техника, болат құбырлар және тоқыма материалдарын өндіретін ірі кәсіпорындар бар. Жыл соңына дейін тағы 190 жобаны іске қосуға жоспарланған, бұл үшін 1,5 трлн теңге бөліну көзделуде.

Саланы дамыту мақсатында қаржының қолжетімділігі, шикізатқа жеңілдетілген бағамен қол жеткізу, өнеркәсіптік инфрақұрылымды тарту және өнім өткізуді қолдау бағыттары бойынша жұмыс жүргізілуде. 2022 жылдан бері жеңілдетілген несие арқылы 116 жоба қаржыландырылып, бюджеттен 500 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, нарықтық инвестициялармен бірге 700 млрд теңгеге жетті. Бұл нәтижесінде радиаторлар, көліктің құрамдауыштары, шұлық бұйымдары, лак-бояу және геосинтетикалық материалдар өндірісі іске қосылды.

Өңдеуді дамытуға кәсіпорындарға шикізатты жеңілдікпен ұсыну механизмі де оң ықпал етті. Ірі өндірушілер алдымен ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етіп, содан кейін ғана экспортқа шығара алады. Қазіргі уақытта бұл механизм мыс, алюминий және мырыш металдарына қолданылуда.

Саланы цифрландыру өндірісті цифрландыру және мемлекеттік реттеу мен қолдау құралдарын автоматтандыру бағыттарында жүргізілуде. Өткен жылы цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындардың үлесі 12,9%-дан 19,2%-ға өсіп, саны 390-нан 1 073-ке жетті. Тау-кен металлургиясында роботтық жүйелер мен үлкен деректерді өңдеу, химия өнеркәсібінде ресурстарды жоспарлау жүйелері, машина жасауда 3D-сканерлеу және жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. Сонымен қатар, «СарыаркаАвтоПром», «Қазфосфат», «Qarmet», «Қазцинк», ERG сияқты ірі кәсіпорындарда 41 жоба аясында жасанды интеллект технологиялары қолданысқа енгізілуде.

Мемлекеттік қолдауды цифрлық негізде тиімді жүргізу үшін Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық цифрлық экожүйесі құрылып жатыр. Оның негізгі компоненттері кезең-кезеңімен іске қосылуда. Tizilim ақпараттық жүйесі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қызметін талдауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде 6 мыңнан астам тапсырыс беруші мен 900 отандық өнім өндіруші тіркелген. 

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.