Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Қазақстанның туристік әлеуетіне үнді киноөндірушілері назар аударып отыр
  1. Жаңалықтар
  2. Туризм
Astana, Kazakhstan • 03 желтоқсан, 2025 | 11:16
1 минут - оқу уақыты

Қазақстанның туристік әлеуетіне үнді киноөндірушілері назар аударып отыр

Келесі жылы түсірілетін кинокартинада еліміздің әсем табиғаты, мәдени байланыстар мен адами құндылықтар көрініс табады

Kazakh Tourism
Kazakh Tourism

Үндістанның киноиндустрия өкілдері Қазақстанның туристік нысандарына ерекше назар аударып отыр. Алғашқы бірлескен жобаның түсірілімі келесі жылы басталады деп күтілуде. Фильм үшін негізгі локациялар ретінде Алматы өңірінің таулары мен жазық даласы қарастырылып жатыр, себебі бұл аймақ табиғатының бірегейлілігімен танымал.

Үндістанда өткен 55-ші «IFFI» әлемдік кинофестивалінде Қазақстан туризмінің медиа-амбассадоры және халықаралық жобалардың продюсері Надира Ахонова елді шетелдік кинематографистерге перспективалық бағыт ретінде таныстырды. Режиссерлер, студиялар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне кино өндірісі үшін тартымды болуы мүмкін негізгі туристік орындар ұсынылды.

«Біз Қазақстанға ірі халықаралық жобаларды тарту мақсатында шетелдік киноөндірушілермен келіссөздерді белсенді жүргізіп жатырмыз. Үндістандық продюсерлер мен студиялар елімізге қызығушылық танытып, көркем және деректі фильмдер түсіру мүмкіндігін қарастыруда. Алғашқы жобамыз бойынша Алматыда рекогносцировка жасалып, дала және тау локациялары таңдалды. Сонымен қатар, жергілікті мамандардан құралған команда қалыптастыру басталды. Бұл туристік әлеуетімізді кино арқылы паш етумен қатар, екіжақты шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға маңызды қадам болады», – деді Надира Ахонова.

Алдағы фильм Қазақстанның туристік тартымдылығын Үндістан көрермендеріне және халықаралық аудиторияға таныстыруды мақсат етеді. Кинокартинада елдің бірегей табиғаты, мәдени байланыстар мен адами құндылықтар тақырыптары көрініс табады.

Халықаралық жобаның түсірілімі Қазақстанның креативтік индустриядағы тартымды локация ретіндегі имиджін нығайтуға ықпал етпек.

Дереккөз: Kazakh Tourism

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.