Қазақстанда автомобиль жолдарын салу және күтіп-ұстауға арналған материалдар мен инновациялық шешімдерді жинақтайтын rcmbase.qazjolgzi.kz цифрлық платформасы одан әрі жаңғыртылуда. 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі деректер бойынша, Бірыңғай базаға жолдардың төзімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған 191 жаңа технология тіркелді.
Платформадағы арнайы жіктеу жүйесі әр технологияның нақты объектілерде қолдануға дайындығын бағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 60 технология – практикалық қолдануға ұсынылған, 28 технология – жетілдіру және тәжірибелік қолдану кезеңінде болса, 96 технология – қосымша сынақтан өтуді қажет етеді, тағы 7 технология – сынақ алаңдарында талаптарға сәйкес келмегендіктен, шектеулі мәртебе алған.
База аясында отандық әзірлемелерге де ерекше назар аударылған. Қазіргі уақытта онда 37 қазақстандық технология тіркелген. Олардың ішінде энергия үнемдейтін қоспалар, көктайғаққа қарсы материалдар және жол негізін күшейтетін жаңа құрамдар бар. Бұл шешімдер, әсіресе қыс мезгілінде, жолдарды күтіп-ұстау сапасын жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Отандық жаңалықтардың бірі – «Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) әзірлеген тұзсыз негіздегі көктайғаққа қарсы реагенттер. Экологияға зияны аз бұл материалдар жол жиектеріндегі топыраққа, суға және өсімдіктерге теріс әсерді төмендетеді, сондай-ақ инфрақұрылым нысандары үшін қауіпсіз.
Сарапшылардың айтуынша, Бірыңғай базаның дамуы саладағы ашықтықты күшейтіп, тексерілген және тиімділігі дәлелденген технологияларды қолдануға жол ашады.
«Цифрлық жіктеу жүйесі жол саласын тексерілмеген өнімдерден қорғайды және тиімді материалдарды таңдауға мүмкіндік береді. Бұл жолдардың сапасы мен сенімділігін арттырып, жаңа тәсілдерді енгізуге жағдай жасайды», — деп атап өтті ҚазжолҒЗИ өкілдері.
Дереккөз: ҚР Көлік министрлігі