2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Алматы қаласының өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1 трлн 731,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2% өсім көрсетті.
Қаланың өнеркәсіп құрылымында негізгі үлес өңдеу секторына тиесілі. Ол 15% ұлғайып, жалпы өндірістің 84%-дан астамын қамтамасыз етті. Өсім әсіресе машина жасау, минералды өнімдер, сусындар, қағаз, резеңке және пластмасса бұйымдары, химиялық және фармацевтикалық өнімдер, сондай-ақ киім мен ағаш бұйымдары өндірісінде байқалды.
Өндірістің оң динамикасына қаланың ірі және орта өнеркәсіптік алаңдарындағы белсенділік, сондай-ақ дилерлік желілердің, құрылыс компанияларының және бөлшек сауда кәсіпорындарының тапсырыстарының артуы ықпал етті.
Жыл басынан бері индустриялық аймақ пен «ПИТ» арнайы экономикалық аймағында жалпы 225,4 млрд теңге инвестиция құйылған 10 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 13,2 млрд теңгенің тағы 11 жобасы пайдалануға берілмек.
Индустриялық аймақта бүгінде жалпы құны 658 млрд теңгеден асатын жүзден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олар ондаған мың жұмыс орнын құрған. 2025 жылы аймақта жаңа өндіріс нысандары іске қосылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, сондай-ақ шағын өнеркәсіптік парктер пайдалануға берілді.
Дереккөз: Алматы қаласының әкімдігі