2025 жылдың басынан бері елімізге 13 202 этникалық қазақ келіп, қандас мәртебесін алды. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап тарихи Отанына оралған қандастардың жалпы саны 1 млн 161,2 мың адамға жетті.
Қандастардың негізгі бөлігі көршілес мемлекеттерден, атап айтқанда, 45,6%-ы – Өзбекстаннан, 42,3%-ы – Қытайдан, 4,1%-ы – Түрікменстаннан, 2,9%-ы – Моңғолиядан, 2,6%-ы – Ресейден, қалған 2,5%-ы өзге елдерден оралған.
1 қарашадағы жағдай бойынша, келген этникалық қазақтардың 57,6%-ы – еңбекке қабілетті жаста, 33,9%-ы – балалар, 8,5%-ы – зейнеткерлер.
Еңбекке қабілетті топтың білім деңгейі бойынша 15,2% – жоғары білімді, 28,2% – орта кәсіби білімді, 50,5% – жалпы орта білімді, 6,1%-ында білімі жоқ.
Атамекенге келген қазақтар еңбек күші тапшы аймақтар ретінде белгіленген Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына тұрақтады.
Аталған өңірлерге арналған 2025 жылғы қоныстандыру квотасы 2 309 адамды құрайды. 1 қарашадағы дерек бойынша, солтүстік және шығыс аймақтарына 1 942 қандас қоныс аударған.
Қоныстанушыларға мемлекеттік қолдау шаралары ретінде көшуге байланысты отағасына және әр отбасы мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) көлемінде біржолғы субсидия беріледі. Сондай-ақ бір жыл бойы тұрғын үйді жалдау және коммуналдық төлемдерді өтеуге 15–30 АЕК (59–118 мың теңге) аралығында көмек қарастырылған.
Жыл басынан бері 1 010 қандас түрлі әлеуметтік қолдау түрлерін алды, олардың 313-і тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жұмыс берушілерге жаңа қолдау тетіктері енгізілді. Солтүстік өңірлерге көшетін азаматтарға экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Ол тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге арналған және үй құнының 50%-ына дейін, бірақ 4,56 млн теңгеден аспайтын мөлшерде өтеусіз ұсынылады.