Көкшетауда заманауи сүзгілеу және көмірқышқыл газын ұстау жүйелері бар жылу электр орталығы салынып жатыр. Бүгін Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Көкшетауда салынып жатқан жаңа жылу электр орталығының құрылыс барысымен танысты.
Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Көкшетау ЖЭО» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңында алғашқы кезектегі жұмыстар орындалды: геодезиялық зерттеулер жүргізіліп, уақытша жол инфрақұрылымы дайындалды, негізгі жер қазу жұмыстары аяқталды, ғимараттар мен инженерлік жүйелердің монтажы басталды, алаң электрмен жабдықталып, қуат трансформаторлары орнатылды.
Энергетика министрлігі бұл жобаның жүзеге асырылуы қалаға жылу беруді қамтамасыз етіп, электр қуаты тапшылығын азайтады және энергетикалық қауіпсіздікті арттыратынын атап өтті.
«Таза көмір» технологиялары заманауи сүзгілеу және көмірқышқыл газын ұстау жүйелерін қарастырады, сол арқылы қоршаған ортаға әсерді едәуір төмендетеді.
Ведомство мұндай станциялар Өскемен және Семей қалаларында да салынатынын мәлімдеді.. Сонымен қатар, Екібастұз ГРЭС-3 және Курчатов қаласында жылу электр станциясын салу жоспарланған.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, елде көмір жобаларымен қатар, газ генерациясы да белсенді дамып келеді: Қызылордада жаңа бу-газ қондырғысының құрылысы аяқталуға жақын, осындай жоба Түркістан облысында да іске асуда. Алдағы уақытта Шымкент және Астана қалаларында жаңа бу-газ қондырғыларын салу жоспарланып отыр.