2026 жылы Түркістан облысында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» өндірістік кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Онда жылына 150 мың тонна өнім өндіріледі.
ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, онда 500 жұмыс орны құрылады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі. Биыл 10 айда 1 трлн 86 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға егілген. Егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артып 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып 144,5 мың гектарға орналастырылды.
«Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылы жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында, мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тоннаны құрайды, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде», деді Нұрбол Тұрашбеков.
Түркістан облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешені Республикада ерекше орын алады. Республика бойынша өндірілген мақтаның - 100 %, жүзімнің -82 %, бақшаның – 75 %, жеміс-жидектің - 40 %, көкөністің – 30 %, жүгерінің - 27 облыстың еншісінде. Мал шаруашылығы бойынша өндірілген еттің 12 %, сүттің 13% облысқа тиесілі.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімдігі