WBO орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы VADA тарапынан алынған допинг-тесті бойынша қолайсыз талдамалық нәтиже тіркелгенін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) ресми түрде растады. Бұл туралы ұйым әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарлады.
Тест боксшының 6 желтоқсанға жоспарланған Эрисланди Ларамен болатын жекпе-жегінің алдында алынған. WBO мәліметінше, белгіленген кездесуге дайындығы кезінде жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша теріс көрсеткіш анықталған. Қазіргі уақытта ішкі тергеу басталып, боксшы мен оның командасына «Show Cause Notice» рәсімделмек. Тергеу аяқталғанға дейін ұйым тарапынан қосымша түсініктеме берілмейтіні айтылды.
Жағдайға қатысты Жәнібек Әлімханұлы жеке мәлімдеме жасап, өзіне тағылған күдікке таңғалғанын жеткізді.
«Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отынмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыp», деді ол.
Боксшының командасы да жағдайды құқықтық және медициналық тұрғыдан анықтау үшін қажетті барлық процедураларды бастағанын хабарлады.
WBO тергеу қорытындысы шыққан соң ғана ресми шешім жариялайды.