Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, әуе жүк тасымалының болашағына қатысты нақты тапсырмалар берді.
«Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және теміржол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы, яғни «air cargo»-ның үлесі арта түседі деген болжам жасауда. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі болмақ. Еліміз теміржолды, автокөлік жолын және әуе тасымалын қамтитын мультимодальді логистика жүйесін қалыптастыруы керек», – деді ол.
Қазақстанның географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану қажет екенін айтты.
«Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ аймағында транзиттік жүк тасымалына байланысты бәсеке күшейіп барады. Сондай-ақ көлік-логистика саласына инвестиция тартуға қатысты талас қыза түсті. Біз де батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз керек», – деді Президент.
Оның пікірінше, негізгі әуежайларда толыққанды авиахаб қалыптастыру өте өзекті мәселе. Осы ретте әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек.
«Қазір транзиттік карго-трафиктің қосымша құны төмен болып тұр. Жүк тасымалдаушылар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана тоқтайды. Біздің әуежайлар жүкті тиеп-жөнелтуге, жинақтауға аса құлықты емес. Себебі елімізде инфрақұрылым дайын емес. Соның салдарынан транзиттік әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Осыған орай арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуіміз керек. Ұсынылатын жеңілдіктер әрбір хабтың ерекшелігіне қарай жасалуға тиіс», деп қосты ол.
Сонымен қатар қордаланған мәселелерді шешуді кейінге қалдырып, тиісті құжат қабылдамай отырған салалық министрліктің жұмысын сынға алды. Оның пікірінше, әуежай қызметіндегі қазіргі тариф саясатын қайта қарауға баса мән беру керек. Соңғы 10 жылда баға бір-ақ рет биыл ғана өскен.
«Тарифтерді ұстап тұру инфрақұрылымның тозуына әкеледі. Мұны тәжірибе анық көрсетті. Бағаны қайта қарау қалыптасқан жағдайды өзгертуге кепіл болуға тиіс. Сонымен қатар бағаның күрт көтерілуін болдырмау үшін оңтайландырылған тәсіл қолдану қажет. ...Инвесторларды мұқият тыңдаған жөн. Әуежайлардағы авиациялық емес қызметті шектен тыс реттеу көптеген түйткіл туындатып отыр. Конкурстар арқылы компанияларды іріктеу барысында бюрократиялық кедергі жасауды, келісімдердің мерзімін шектеуді тоқтату керек», деді Президент.
Сондай-ақ саладағы өзекті проблеманың бірі – авиаотын мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Ол саланы дамытудағы негізгі екі проблеманы атады. Бұл – бағаның жоғары болуы және ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі.
«Ең әуелі, алдағы үш жылда еліміздің ішкі өндіріс көлемін арттыру, импортты әртараптандыру керек. Ақылға қонымды бәсекелестік сақталуға тиіс. Реттеу ісіндегі барлық өзгеріс кезең-кезеңімен әрі нақты, отынды тұрақты жеткізуге кедергі келтірмей іске асырылуы қажет. Жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институтын құрған және отынды сертификаттау зертханасын ашқан жөн. Үкіметке монополияға қарсы органдармен бірге аталған мәселелерді шешу бойынша тез арада кешенді шара қабылдауды тапсырамын», деп толықтырды сөзін.
Биылғы Жолдауда Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясын құруды тапсырған болатын. Оның қызметін жан-жақты қолдау қажет деп атап өтті.
«Отандық жүк тасымалы компанияларын қолдаудың алдағы үш-бес жылға арналған нақты шаралар жиынтығын әзірлеу қажет. Басты мақсат – компанияларды қосылған құнды құруға ынталандыра отырып, мультимодальдық логистиканы дамыту. Әуе кемелері флотын өркендету транзиттік әуе желісін қалыптастырудың маңызды бөлігі саналады», деді.
Бұған қоса, Тоқаев елімізде жүк тасымалдайтын ұшақтардың тапшылығына тоқталды.
«Үкімет құрастырылғанына 25 жылдан асқан жүк ұшақтарына қойылған шектеуді алып тастау мәселесін мұқият қарастыруы керек. АҚШ-тағы FedEx әуе компаниясы ұшақтарының шығарылғанына орта есеппен – 28 жыл. UPS компаниясында бұл көрсеткіш 30 жыл болса, Ұлыбританияның One Air әуе компаниясында 33 жылды құрайды. Мұндай мысалдар жеткілікті, – деді ол.
Сонымен қатар жүк тасымалының барлық түрін біріктіретін «бірыңғай цифрлық терезе» қағидатын енгізудің маңызын атап өтті. Білікті маман тапшылығы саланы тежеп отырғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика саласын дамытудың стратегиялық маңызы зор екенін айтып, мәселені жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Дереккөз: Ақорда