Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бегалы ауылында жаңа медициналық пункт ашылды. Нысан қайтарылған активтер қаржысына салынды.
Оны салуға 132 млн теңге жұмсалған, оның 65 млн теңгесін Үкімет арнаулы мемлекеттік қордан бөлді. Ауданы 150 шаршы метрден асатын жаңа ғимарат бір ауысымда 25 келуге арналған. Медициналық пунктті пайдалануға беру ауылдың 300-ден астам тұрғынын сапалы және уақтылы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қордан ауылдық денсаулық сақтау саласы бойынша барлығы 11 жоба жүзеге асырылып жатыр Үкімет ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 5 нысан пайдалануға берілді, алтауының құрылысы жалғасып жатыр.
2024-2025 жылдар аралығында қайтарылған активтер қаражатын пайдалана отырып денсаулық сақтау нысандарын салуға және жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан 144,2 млрд теңге бөлінді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2022-2025 жылдар аралығында ауылдық жерлерде 813 денсаулық сақтау нысаны, оның 620 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды. Оның ішінде 2024 жылы 392 нысан пайдалануға берілсе, 2025 жылға қосымша 188 нысанды салу жоспарланған.