Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Оқушының ауадан су жинайтын құрылғысы министрліктің назарын аударды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 03 желтоқсан, 2025 | 10:44
1 минут - оқу уақыты

Оқушының ауадан су жинайтын құрылғысы министрліктің назарын аударды

Ғылыми жоба халықаралық және республикалық деңгейдегі конкурстарда жоғары баға алған

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Алматылық гимназия оқушысы Дана Қадырбек электр қуатынсыз жұмыс істейтін, заманауи наноматериалдар негізінде атмосферадан ылғал жинайтын бірегей құрылғыны ойлап тапты. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жас өнертапқышпен кездесіп, оның инновациясымен танысты.

Бұл қондырғы электр желісіне қосылмай-ақ ауадағы ылғалды тиімді сіңіріп, конденсациялауға мүмкіндік береді.

Ғылыми жоба халықаралық және республикалық деңгейдегі бірнеше конкурста жоғары баға алған. Оңтүстік Кореяда өткен WICO халықаралық көрмесінде 36 ел мен 2000-нан астам қатысушы арасынан I орынды, Индонезиядағы жастардың халықаралық ғылыми жәрмеңкесінде (YISF) 24 ел арасынан I орынды иеленді. Сондай-ақ ҚазҰУ халықаралық конференциясында және Kazakhstan Smart Space ғарыштық технологиялар байқауында марапаттарға ие болды.

Дана Қадырбектің жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіпті дамыту ұйымымен (UNIDO) бірлесіп жүзеге асырылатын «жасыл» стартаптарды қолдау жөніндегі Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) халықаралық бағдарламасының он жартылай финалисінің қатарына енді. Жоба Қазақстан бойынша 500-ден астам өтініштің ішінен іріктеліп алынған.

«Мұндай қолдау менің ғылыми жұмысымды әрі қарай жалғастыруыма үлкен мотивация береді. Министрдің бүгін берген тапсырмасының арқасында біз құрылғыны далалық жағдайда сынап көруге және жобаны пилоттық режимде іске асыруға мүмкіндік аламыз», деді Дана Қадырбек.

Ведомство басшысы жобаны су ресурстарын үнемдеуде ерекше шешім деп бағалап, оның шалғай аймақтар үшін маңызды екенін атап өтті.

«Біз бұл жобаны бұрыннан бақылап келеміз. Ол су ресурстарын үнемдеуде ерекше шешім ұсынады, бұл әсіресе шалғай аймақтар үшін маңызды. Құрылғының ылғал аз кезде де атмосферадан су жинай алуы оның практикалық қолданылуын кеңейтеді. Қазіргі заманауи наноматериалдар мен күн энергиясын қолдану бұл жобаны «жасыл» инновациялардың маңызды жобасына айналдырады», – деді Нұржігітов.

Сонымен қатар ол министрлікке бұл әзірлемені пилоттық режимде енгізу бойынша барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Шалғай аймақтарда су тапшылығын шешуге көмектесетін технологияны кеңінен қолдану мүмкіндігін зерттеуге кірісетінін мәлімдеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.