Алматының индустриялық аймағында жаңа шағын өнеркәсіп паркі бой көтереді. «Алматы» ӘКК» АҚ-ның еншілес ұйымы «Almaty Finance» ЖШС осы жобаны іске асыру үшін 500 млн теңге көлемінде, 6% мөлшерлемемен несие желісін ашты. Қаржыландыру «Almaty Business – 2025» өңірлік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарының операторы «Капстройгрупп-Т» ЖШС, ал компанияның жеке инвестиция көлемі 700 млн теңгені құрайды.
Жаңа өндірістік парк 1 гектар жерде салынып жатыр. Жоспар бойынша жалпы ауданы 8 927 шаршы метр болатын үш өндірістік және бір әкімшілік ғимарат салынбақ. Оның ішінде 7 588 шаршы метрі шағын және орта бизнес субъектілеріне жалға беріледі. Парк аумағында 8–10 кәсіпорын орналасып, шамамен 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Шағын өнеркәсіп парктерін дамыту арқасында кәсіпкерлер бастапқы шығынсыз заманауи өндіріс орындарын құра алады. Мұндай ғимараттарды жалға алу құны бір шаршы метріне 2 350 теңгеге дейін беріледі, бұл сома ШОБ үшін қолжетімді. Алматы аумағында 30-дан астам шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істейді, оның 15-ін «Almaty Finance» қаржыландырды», - деді «Almaty Finance» компаниясының басқарма төрағасы Ерлан Егембердиев.
Құрылыс қазіргі уақытта 43% орындалған. Өндірістік ғимараттардың қаңқа жұмыстары және әкімшілік ғимараттың көпқабатты бетон конструкциялары аяқталды. Нысанды 2026 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Дереккөз: Алматы әкімдігі