Алматы облысы мен Түркияның NATA Holding халықаралық компаниясы арасында инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды бірлесе іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.
Тараптардың кездесуінде Алматы облысының даму қарқыны, инфрақұрылымды жаңғырту, көлік желісін кеңейту және жаңа өндірістік аймақтарды қалыптастыру бағытындағы жоспарлар туралы айтылды.
NATA Holding әлемдегі ең ірі 100 құрылыс компаниясының қатарына кіреді. Компания Түрікменстанда 500 күнде 180 көпір салу жобасымен Гиннестің рекордтар кітабына енген, сондай-ақ Түркияда ең ірі сауда орталықтары желісін салған.
Түркиялық делегация Қонаев қаласындағы «Жаңа Іле» даму аймағына барып, жаңа тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым жобаларымен танысты. Мұнда газ, су және электр желілерін тарту бойынша шығындар ондаған миллиард теңгені құрайтыны айтылды. Сонымен қатар Шеңгелді массивіндегі суару жүйелерін жаңғырту жобасы таныстырылды. Жоба сорғы станцияларын жаңартып, мыңдаған гектар егістікті тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Компания өкілдері Талғар ауданындағы «Байсерке Агро» компаниясының шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартуды көздейтін «Наукоград» жобасын да көрді.
Кездесу соңында тараптар өңірдің инвестициялық әлеуетін, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін талқылап, меморандум болашақта жаңа бірлескен жобаларға жол ашатынын атап өтті.
Бұған дейін Түркияның ірі девелоперлік компаниясы Алматы облысына инвестиция салатыны туралы хабарланған болатын.
Дереккөз: Алматы облысының әкімдігі