Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Самұрық-Қазына» қорындағы 41 компания шығынға батқан
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 28 қараша, 2025 | 11:37
2 минут - оқу уақыты

«Самұрық-Қазына» қорындағы 41 компания шығынға батқан

Аудиторлық палата қордың стратегиялық басқаруындағы күрделі проблемаларды анықтады

gov.kz
gov.kz

2020-2024 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры тобында 23 белсенді емес компания болған, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен аяқтаған.

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес ұйымдарындағы мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, стратегиялық басқару жүйесін бағалады. Тексеру шаралары Қордың корпоративтік орталық ретіндегі қызметін, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп», «Samruk-Kazyna Ondeu» және басқа да бірқатар компанияны қамтыды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қордың компаниялар тобының кірісі 16,5 трлн теңгені, ал холдингтің компаниялар тобының шоғырландырылған таза пайдасы 2,4 трлн теңгені құраған. Аудит қамтыған кезеңде холдинг мемлекетке 2,37 трлн теңге төлеген, оның 779,9 млрд теңгесі дивидендтер түрінде, 1,6 трлн теңгесі активтерді бәсекелестік ортаға беру есебінен аударылды. Бұл төлемдерге қосымша Қор тағы 673 млрд теңгеге ҚР Президенті мен Үкіметінің тапсырмаларын іске асырды.

Мемлекеттік аудиторлар қордың компаниялар тобындағы стратегиялық жоспарлау мен басқарудағы кемшіліктерді анықтаған. Мәселен, 2018-2021 жылдарға арналған қорды трансформациялау бағдарламасының 8 компанияны шетелдік аналогтардың тиімділік деңгейіне шығару мақсаты орындалмаған.

«Бағдарламадан түскен нақты пайда көлемі 154,5 млрд теңге, яғни жоспарланған мөлшерден екі есе төмен», делінген аудиторлық пала ақпаратында.

Сонымен қатар аудиторлар қордағы корпоративтік басқару деңгейі жеткіліксіз деп бағалады. Атап айтқанда, стратегиялық құжаттарды тиісінше әзірлемеу, жоспарлы көрсеткіштерді төмендету фактілері орын алған, холдингтің даму жоспарының орындалуына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

«7 ақпараттық жүйенің ішінде қор тек 4 жүйені пайдаланады. Басқарушылық есеп жүйесі (SAP BPC) дұрыс жұмыс істемейді, ал бірқатар компания бойынша қаржылық есеп қолмен жүргізіледі. «Самұрық-Қазынада» ішкі нормативтік құжаттарды жүйелеуге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Олардың шамамен 15%-ы қолданылмайды, қайта қарауды немесе күшін жоюды талап етеді», деп қосты палатада.

Бұған қоса, қордың директорлар кеңесі жанындағы 5 комитеттің 3-еуі (стратегия жөніндегі, Трансформация бағдарламасының орындалуын бақылау жөніндегі, мамандандырылған комитет) жұмыс істемейді. Сондай-ақ қор басқармасы жанындағы 7 комитеттің 2024 жылдан бері 2-еуі (жаңғырту және тұрақты даму жөніндегі) жұмыс істемейді. Нәтижесінде холдингтің құрылымы тым күрделі күйге жеткен.

Бүгінде қор тобына 6 деңгейге бөлінген 326 компания кіреді. Аудит 2020-2024 жылдары қор тобында 23 белсенді емес компания болған, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен аяқтағанын атап өтті.

«Сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауды түбегейлі күшейту қажет, себебі 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін қор тобының 175 жобасының тек 49-ы ғана аяқталған», деді ЖАП

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар, 122,2 млрд теңге сомасында тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері анықталды. Бұған қоса 119 жүйелік кемшілік тіркелген.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.