Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан мен Иран агросаладағы сауда-саттықты екі есеге ұлғайтуға ниетті
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 28 қараша, 2025 | 10:11
1 минут - оқу уақыты

Қазақстан мен Иран агросаладағы сауда-саттықты екі есеге ұлғайтуға ниетті

Жаңа маркетингтік жылда Иранға 1 млн тоннадан астам астық жөнелтілді

ҚР АШМ
ҚР АШМ

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Иранның Ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезелдже мырзамен және ірі ирандық компаниялардың басшыларымен агроөнеркәсіптік кешендегі әріптестікті тереңдету және өзара сауданы ұлғайту мәселелері талқылады.

2023 жылы тауар айналымының төмендеуіне қарамастан, екіжақты ынтымақтастықтың жандануымен сауда көрсеткіштері қайта өсе бастаған. 2024 жылы сауда көлемі 220 млн долларға жетіп, арпа экспорты үш есеге артты. Биыл бұл қарқын жалғасып, тоғыз айда тауар айналымы 249,1 млн долларды құрап, екі есеге өсті. Арпа экспорты 4,6 есеге ұлғайды.

Иран Қазақстан үшін астық экспортындағы негізгі нарықтардың бірі болып отыр. Жаңа маркетингтік жылда Иранға 1 млн тоннадан астам астық жеткізілді. Астық жөнелтуді арттыруға Амирабад портындағы «Aмирабад Грейн Терминал Киш» терминалы зор үлес қосуда. Биылдың 10 айында 161 мың тонна өнім осы терминал арқылы экспортталды.

Келіссөздер барысында күнбағыс майының экспортын ұлғайту мүмкіндіктері де талқыланды. Қазақстандық қайта өңдеушілер бұл көрсеткішті жылына 500 мың тоннаға дейін жеткізуге дайын. Мұны жүзеге асыру үшін Құрық және Ақтау порттарында май құю терминалдарын салу жоспарлануда.

Инвестициялық бағытта да бірқатар жобалар қарастырылды. Solico Group Алматы облысында ірімшік өндірісіне арналған ірі қайта өңдеу кешенін салу мәселесін талқылауда. Сондай-ақ Kourosh Food Industry майлы дақылдарды өңдеу, құс шаруашылығы және логистика саласында кәсіпорындар құруға мүдделілік білдірді.

«Иран жыл сайын 25 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттайды. Біз Қазақстанмен тауар айналымын екі есеге арттыруға толық мүдделіміз», – деді Голамреза Нури Гезелдже.

Тараптар кездесуді қорытындылай келе, ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті жалғастыруға және барлық перспективалық бағыттарды Қазақстан-Иран жұмыс тобы аясында пысықтауға келісті.

Дереккөз: ҚР АШМ

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.