Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ақтөбе облысында жолдарды дамытуға арналған 183 жоба іске асырылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 24 қараша, 2025 | 12:03
2 минут - оқу уақыты

Ақтөбе облысында жолдарды дамытуға арналған 183 жоба іске асырылды

Жыл соңына дейін 280 км-ден астам бірнеше автожол учаскесі пайдалануға беріледі

gov.kz
gov.kz

Ақтөбе облысында жергілікті маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық күйдегі үлесі 82 пайызды құрайды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері жалпы 533 км жол жөнделген. Оның ішінде шамамен 300 км жергілікті маңыздағы жолдар, қалғаны елді мекендердің ішкі көшелері. Бұл жолдарды жөндеуге бюджеттен 65,2 млрд теңге бөлінді.

Бұдан бөлек, 100 км тас жолды жөндеуге 9,9 млрд теңге бөлінген. Қазір бірнеше учаскеде жұмыс аяқталды. Атап айтқанда, Ақтөбе – Орск тас жолынан Бадамша ауылына дейінгі 30 км облыстық жол қайта жаңғыртылды. Алға ауданы аумағындағы Алға – Тоқмансай бағытындағы 23 км учаскеде орташа жөндеу жүргізілді.

Сондай-ақ, Әйтеке би ауданының Жарық – Құмқұдық – Жабасақ – Байжанкөл; Қарабұтақ – Комсомол – Северное – Сарат – Қырыққұдық – Тымабұлақ және Қарабұтақ – Комсомол – Ақтасты – Толыбай, Қарғалы ауданының Донское – Бадамша – Қайрақты, Қобда аудаынының Қобда – Сарыбұлақ бағыттарындағы жолдарында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне кіретін жолдарға ерекше назар аударылуда. Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынбор) автожолында ұзындығы 34 км учаскеге орташа жөндеу орындалды. Мұндағы жұмыстар: асфальтобетонның үстіңгі қабатын төсеу, жол жиектерін бекіту және жол таңбаларын салу. Құрылыс мердігері – «АссанаДорСтрой» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Ateria» ЖШС.

Жол активтері сапасы ұлттық орталығының мәліметінше, нысандарды қабылдау кезінде мамандар орындалған жұмыстардың және қолданылған материалдардың сапасын бақылаған.

«Биыл барлығы 53 сынама алынып, олардың бәрі зертханалық сынақтан өтті. Жол жабындысының ені, тегістігі және көлденең еңістігі өлшенді. Анықталған кемшіліктер дер кезінде толық жойылды. Жасалған жұмыстарға бір жылдық кепілдік берілді», делінген облыс әкімдігінің ақпаратында.

Сонымен қатар Шалқар ауданында республикалық маңызы бар Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз автожолының ұзындығы 60 км учаскесінде орташа жөндеу аяқталды. Жөнделген жол Қотыртас және Қауылжыр ауылдарының арасын жалғайды. Жұмыстарды «АссанаДорСтрой» ЖШС орындап, екі жылдық кепілдік ұсынды.

Сондай-ақ әкімдік ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта Қандыағаш пен Ізімбет ауылы арасындағы 0–25 км және 25–50 км учаскелерде, сондай-ақ Қотыртас – Қауылжыр бағытындағы 164–224 км жол бөлігінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы Ізімбет, Бершұғыр және Қотыртас ауылдары арасындағы 50–92 км және 148–164 км учаскелерде жөндеу басталады.

Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 280 км-ден астам бірнеше автожол учаскесін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.