Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасын орындау аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туризм және көлік байланыстарын дамыту жөніндегі жұмыстар күшейтілді.
Осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап SCAT әуекомпаниясы Түркістан – Бұхара, Түркістан – Үргеніш (Хиуа) және Түркістан – Самарқанд бағыттары бойынша тұрақты ұшады. Рейстер әр бағыт бойынша аптасына үш рет орындалады. Билеттер сатуға шығарылды, ұшу құны – бір бағытқа 40 мың теңге.
Бастапқы кезеңде әуе қатынастары тұрақты жолаушылар ағынын қалыптастыру үшін субсидияланатын болады. Әуе бағдарлары туризмді дамытуға және Ұлы Жібек жолы қалаларын таныту мақсатында ашылып отыр. Сондай-ақ өңірлердің көлік байланысын күшейтіп, шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпал етеді деп көзделген.
Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі Орталық Азияның Жібек жолы бойынша ортақ бағдарларының жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Оған аймақтағы Алматы, Шымкент, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа секілді басты қалалар енді, сондай-ақ ортақ тарихи мұра мен табиғи нысандар енгізілді.
Самарқандқа алғашқы тур kompastour операторымен бірлесіп іске қосылды. Қазір басқа туристік компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.
2026 жылы Қазақстан мен Өзбекстанның туристік әлеуетін халықаралық аренада бірігіп таныту жоспарланып отыр.
Дереккөз: ҚР Үкіметі