Қазіргі таңда Алматы облысындағы 9 мың шақырымға жуық ирригациялық желінің 60%-ы тозған. Соның салдарынан су шығыны 50%-ға дейін жетіп отыр. Инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында алдағы жылдары Ислам даму банкі қаржысы есебінен 255 млрд теңге бағыттау жоспарланған.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарында суару жүйелері жаңартылып, қосымша 111 мың гектар жер суармалы айналымға қосылады.
Сонымен қатар өңірде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасуда. 2022–2025 жылдары 528 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 340 мың гектары қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген.
Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша да нәтижелер бар. Бүгінге дейін 11 млрд теңге көлемінде 1 373 шағын несие берілген.
Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде орташа табыс 22,7%-ға өсіп, 311,4 мың теңгеге жетті.
Дереккөз: Алматы облысының әкімдігі