Еуропаның ең көне медиа ресурстарының бірі – «Corriere della Sera» құрамындағы итальяндық «Cook» гастрономиялық журналы өзінің мерейтойлық 80-шы нөмірін Қазақстанға арнап шығарды.
Басылымда еліміз шетелдік аудиторияға Орталық Азияның тартымды гастрономиялық бағыты ретінде ұсынылып, заманауи қазақ асханасының «Neo Nomad» тұжырымдамасы жан-жақты таныстырылған.
Арнайы жоба аясында ұжым Қазақстанның туристік әлеуетін, ұлттық асхананың ерекшеліктерін және өңірдің мәдени мұрасын зерттеді. Шығармашылық топ 50 Best Discovery секілді беделді халықаралық рейтингтерге енген қазақстандық мейрамханаларға барып, негізгі гастрономиялық локацияларды аралады. Олардың қатарында: Qazaq Gourmet, Auyl, Gruppo 63, Jinau, Sandyq және Tary мейрамханалары бар. Материалдың бір бөлігі еліміздегі шарап өндірісінің дамуы туралы баяндайды.
Басылым Қазақстан табиғатының алуан түрлілігі мен бірегейлігін ерекше атап өтті. Авторлар Қайыңды көлін «Швейцария пейзажына ұқсас табиғи көрініс» деп сипаттап, су астында сақталған шыршалардың әсерлі көрінісін ерекше көрсетеді. Сондай-ақ Шарын каньоны «әлемдегі ең ірі каньондардың бірі» ретінде аталып, Маңғыстау өңіріндегі тұзды шөлдер мен кең даланың көпқырлы ландшафты туралы мәлімет беріледі.
Италиялық оқырмандарға қазақ ұлттық тағамдарының тарихы мен дайындалу тәсілдері де таныстырылды. «Cook» журналының беттерінде және Corriere della Sera ресми сайтында сарапшы Айгерім Мұсағажинова бауырсақ, құрт және дәстүрлі «балғын сүр ет» әзірлеудің қыр-сырымен бөлісті.
Дереккөз: Kazakh Tourism