Алматыда гидтер мен экскурсоводтар үшін кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған оқыту курстары өтіп жатыр. Бағдарлама туристік қызмет сапасын көтеру және қаланың сервистік деңгейін жақсарту мақсатында жасалған.
200 қатысушыға арналған оқыту 17 қарашадан 12 желтоқсанға дейін өтеді. Курстар қатысушыларға қазіргі заманғы талаптарға сай кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Бағдарлама аясында қатысушылар экскурсиялық қызмет стандарттарын меңгеріп, туристік маршруттарды әзірлеу әдістемесін үйренеді. Сондай-ақ, Алматының мәдени және тарихи мұрасын зерттеп, шетелдік туристермен және мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеу дағдыларын дамытады», деді әкімдікте.
Курс шеңберінде арнайы шақырылған мамандар дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісуде. Негізгі спикер - Цзэн Чжиго, Guilin туризм университетінің (ҚХР) оқытушысы. Халықаралық туризм, протоколдық қызмет көрсету және гидтерді даярлау саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар маман мәдениетаралық коммуникация, халықаралық этикет және экскурсиялық жұмыстардың заманауи әдістері бойынша сабақ жүргізеді. Оқыту аяқталғаннан кейін барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.
Mastercard мәліметіне сәйкес, биыл туристердің қанағаттану деңгейі 75,08%-ті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 пункттік өсімді көрсетті. Бұл мегаполистегі қызмет сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың өзектілігін растайды.
Дереккөз: Алматы әкімдігі