Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Мемлекеттік аудиторлар СҚО-да 140 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 26 қараша, 2025 | 14:46
2 минут - оқу уақыты

Мемлекеттік аудиторлар СҚО-да 140 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады

Аудит экономикалық өсім бар, бірақ жүйелі кемшіліктер көп дейді

gov.kz
gov.kz

Жоғары аудиторлық палата Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит аяқталды.

Жүргізілген тексеру соңғы 5 жыл ішінде облыс негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындағанын көрсетті. Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) тұрақты өсуі байқалады, ол 2020 жылдан бері 69%-ға артқан. Жұмыссыздық деңгейі 0,4%-ға төмендеген, ал кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен аз азаматтардың үлесі 2,3 пайыздық тармаққа азайған. Сонымен қатар тұрғын үй қоры 600 мың шаршы метрге көбейген.

Алайда аудит барысында өңірдегі өмір сапасына теріс әсер ететін бірқатар кемшіліктер анықталды. Мәселен, облыста халықтың табиғи өсімі азайып, теріс көші-қон сальдосы байқалуда.

«Білім беру саласында үш ауысымды және апаттық күйдегі мектептер проблемасы шешімін таппай отыр. 17 мектепте спорт залы жоқ, 24 мектеп пән кабинеттерімен қамтамасыз етілмеген. Медициналық мекеме ғимараттарының шамамен 74%-ы тозған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының артқанына қарамастан, ЖӨӨ үлесінде олар өндірген өнім көлемінің төмендегені байқалады», делінген Жоғары аудиторлық палатаның ақпаратында.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша кіріс 100 млрд теңгеге азайған.

«Яғни, өңірдің сауда саласы бойынша салықтық әлеуеті төмендеген. Демек, салық аз төленді, салдарынан жергілікті бюджеттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және басқа да жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі де азайды. Біз жағдайды көріп отырмыз, бұл дұрыс емес. Көлеңкелі сектор артқан болуы мүмкін. Бұл бағытта жұмыс істеу қажет», деді Әлихан Смайылов.

Аудит бюджет заңнамасының талаптарын сақтамай, жалпы сомасы 56 млрд теңгеге 11 жоба жоспарланғанын анықтады. Сонымен қатар «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы назардан тыс қалған. Инженерлік инфрақұрылымның болмауы салдарынан АЭА-дағы кейбір объектілер уақытында пайдалануға берілмеген. Бұл АЭА тиімділігін және инвесторлардың сенімін төмендетеді.

Сонымен бірге жергілікті бюджеттен басымдығы төмен жобаларға қаражат бөлінгені белгілі болды. Атап айтқанда әкімшілік ғимараттарды реконструкциялауға 7,3 млрд теңге, театр құрылысына 7 млрд теңге жұмсалған.

«Облыстағы 38 тірек ауыл әлі күнге дейін сапалы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Салынған 79 объектінің 22-сі (10 млрд теңгеге) осы уақытқа дейін пайдаланушы ұйымдарға берілмеген. Облыстың көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы жоқ және жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне жеткілікті деңгейде мониторинг жүргізілмейді», деп қосты палатада.

Сондай-ақ «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметіне берілген баға да басқару мен инвестициялық бағыттарды іске асырудың тиімділігі төмен екенін көрсеткен. Оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру нәтиже бермей, шамамен 1 млрд теңге көлемінде мемлекеттік ресурстар шығынына әкелген.

«Бейінді емес активтерді ұстау 610 млн теңге көлемінде, өңірлік тұрақтандыру қорларының қаражатын пайдалану салдарынан 298 млн теңге көлемінде шығын келген. Бухгалтерлік есеп жүргізуде де 24 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықталды. Мемлекеттік сатып алу саласында да заң бұзушылықтар тіркелген. Конкурс рәсімдерін өткізбей, 5,5 млрд теңге сомасына бір көзден сатып алу арқылы шарттар жасасу, сондай-ақ жұмыстар көлемін қосалқы мердігерге беру жөніндегі шектеулерді сақтамау фактілері анықталды», делінген аудиторлық палата ақпаратында.

Аудит қорытындысы бойынша 28,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық, 112,4 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланылғаны және пайдаланылғаны анықталған. 111 факт бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін жіберілді, ал кейбір материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.