Атқарылатын жұмыс аясында «Көшпенділер қаласы» кешенін қайта жаңарту, Таңбалы Тас археологиялық ескерткішіне қарай жаяу жүргіншілер үшін көпір салу және заманауи туристік инфрақұрылымы бар демалыс аймағын абаттандыру көзделген. Аталған аумақта глэмпинг аймақтары, демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану нысандары салынбақ.
«Көшпенділер қаласы» кешені бүгінде туристер мен шығармашылық ұжымдар арасында кеңінен танымал әрі сұранысқа ие. Биыл мұнда отандық «Жібек жолы» телеарнасының бірнеше фильмі мен тележобаларының түсірілімі өтті.
Аумаққа жұмыс сапарымен келген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев нысанға туристердің қызығушылығы артқан сайын оны жаңа форматта жаңғыртуды, яғни заманауи инфрақұрылымы бар туристік орынға айналдыруды қолға алғандарын атап өтті.
«Қазіргі таңда «Көшпенділер қаласына» ай сайын шамамен 500 адам, ал Танбалы Тасқа жыл сайын 4 мыңға жуық турист келеді. Мұндай бастамалар ішкі туризмнің дамуына тың серпін береді. Біз табиғаттың сұлулығы, тарихи мұра және заманауи жайлылық тоғысқан бірегей кеңістік қалыптастырып жатырмыз. Бұл жоба бизнестің дамуына және өңір экономикасының өсуіне үлес қосатынына сенімдімін», — деді өңір басшысы.
Қазіргі уақытта инфрақұрылымды дамыту жұмыстары басталып кетті. «Көшпенділер қаласына» дейін ұзындығы 7 шақырымдық жаңа жол салынып жатыр. Жоба аясында жол бойын жарықтандыру және көлік тұрағын салу қарастырылған. Құрылысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматы облысындағы ұлттық парктерге 700 мыңнан астам турист ат басын бұрған. Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша, өңірге келген туристер легі 30%-ға өссе, ішкі туризм 1 миллион адамнан асқан.
Дереккөз: Алматы облысының әкімдігі