Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Ас үйден басталған бизнес: Ауылдағы көпбалалы ана танымал ірімшік брендін дамытып отыр
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 03 қараша, 2025 | 17:07
2 минут - оқу уақыты

Ас үйден басталған бизнес: Ауылдағы көпбалалы ана танымал ірімшік брендін дамытып отыр

Кәсіпкер өнімін шетелде танытуды жоспарлап отыр

QazMonitor Logo
Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында көпбалалы ананың шағын ас үйде бастаған кәсібі бүгінде Қазақстандағы танымал брендке айналды. Жанар Қаңтарбаеваның FreshCheeseZharyk өнімінде отандық нарықта сұраныс артып келеді.

Жанар Қаңтарбаеваның кәсіпкерлік жолы 2022 жылы басталды. Сол жылы ол жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 АЕК көлемінде грант ұтып алып, алғашқы өндірісін шағын ас үйде бастаған. Оның сөзінше, бастапқыда шикізат жеткізу тұрақсыз, ал өнім көлемі аз болған. Алайда көп ұзамай ол жергілікті фермерлермен келісім орнап, өндіріс жүйелі жолға түсті.

«Бұл маған үлкен серпін берді. Ең бастысы – сапалы өнім жасап, адал еңбегіммен отбасымның тұрмысын жақсартқым келді», дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер өндіріске қажетті шикізат - сүтті ауыл тұрғындарынан сатып алып, жергілікті экономиканың дамуына үлес қосып отыр. Сұраныстың артуымен үйдің ас бөлмесі өндіріс үшін тарлық еткенін айтады. Сондықтан былтыр заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген цех ашып, өндіріс ауқымын кеңейтті.

Бүгінде FreshCheeseZharyk брендімен табиғи май, сүзбе, қаймақ, айран, йогурт және түрлі ірімшік түрлері - качотта, халлуми, скаморца, качкавал, буррата, моцарелла, страчателла мен сулугуни өндіріледі. Алдағы уақытта пісірілген және ұзақ жетілетін ірімшіктерді де нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, оның өнімінің сапасы ресми түрде мойындалған: кәсіпкер жақында Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік декларациясын ие болып, май мен сүзбе өнімдеріне сертификат алған. Қазір ірімшіктерге де сапа құжаттары рәсімделіп жатқанын атап өтті.

Өндіріс кеңейген сайын жаңа жұмысшыларға деген сұраныс арта бастады. Кәсіпкер былтыр «Күміс жас» жобасы аясында Шет ауданының мансап орталығымен үш жылдық келісімшарт жасап, цехқа егде жастағы екі әйелді жұмысқа қабылдады.

«Аға буын өкілдерінің еңбек тәжірибесі мен жауапкершілігі зор. Олармен жұмыс істеу мен үшін үлкен мектеп», деп қосты ол.

Сонымен қатар Жанар Қаңтарбаева «Жұмыс орнында қысқамерзімді оқыту» бағдарламасына қатысқан, бес адамды сүт өнімдерін өңдеуді үйретті.

«Әр жоба жаңа мүмкіндік. Мен үнемі үйренуге, жаңашыл болуға және ауылдағы әйелдерге шабыт беруге тырысамын», дейді кейіпкер.

Бұған қоса, ол түрлі әлеуметтік және кәсіпкерлік бастамалардың белсенді қатысушысы. Мәселен, «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің «Бір ауыл бір өнім» жобасының финалисті атанып, облыстық көрмелерде өз өнімін тұрақты таныстырып жүр.

«Біздің ірімшіктер жайлы тек Қазақстанда емес, шетелде де білгенін қалаймын. Халықаралық көрмелерге қатысып, отандық өнімнің сапасын көрсету – менің басты арманым», деп қорытындылады сөзін Жанар Қаңтарбаева.

Қазір көпбалалы ана өндіріс көлемін арттырып, жаңа цех ашуды, жұмысшылар санын көбейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар отандық өнімді ірі сауда желілері арқылы тұтынушыларға ұсынуды мақсат етіп отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.