Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Әлім Үдербеков: Біз ЖИ-құрылысшы жасаумен айналысамыз
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 23 қазан, 2025 | 03:28
5 минут - оқу уақыты

Әлім Үдербеков: Біз ЖИ-құрылысшы жасаумен айналысамыз

Surfaice компаниясының негізін қалаушы өз стартапының қалайша 1,5 млн доллар инвестиция тарта алғаны және неліктен құрылыс саласының цифрлануына АҚШ нарығы көбірек дайын екені жөнінде айтып берді

QazMonitor Logo
Фото: Әлім Үдербековтің жеке мұрағатынан

Әлім Үдербеков – Surfaice стартапының негізін қалаушы, қазіргі кезде Кремний алқабында тұрады және Draper University бағдарламасының түлегі. Оның компаниясы дүкендер, мектептер мен ауруханалар сияқты типтік құрылыс жобаларын басқаруды автоматтандыруға арналған жасанды интеллект үлгілерін жасаумен айналысады. Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісіне берген сұхбатында ол Калифорнияға қалай келгенін, құрылыс саласы не себепті цифрландыру бойынша артта қалғанын және ЖИ негізіндегі ақылды «прораб» не үшін қажет екенін баяндады.

Әлім, сіз Кремний алқабына қалай бардыңыз?

Барлығы Astana Hub-тан басталды. Екі жыл бұрын технопарк Draper University-мен серіктестік орнатты. Бұл дәстүрлі университет емес, Кремний алқабының қақ жүрегінде орналасқан кәсіпкерлерге арналған акселератор әрі білім беру платформасы. Осы ынтымақтастық аясында 2023 жылы Қазақстаннан үздік 20 кәсіпкер іріктеліп алынды. Яғни, бізге Калифорнияда білім алу мүмкіндігі берілді. Мен де сол қатысушылардың қатарында болдым, бес айлық оқу курсынан кейін алқапта қалып, стартаптарды дамытуға толықтай ден қойдым.

Кремний алқабында стартабыңды іске қосу қаншалықты қиын?

Менің ойымша, стартап деген тек идея ғана емес. Идея жетістіктің небәрі 10 пайызы ғана болуы мүмкін, ал қалғаны қажырлы еңбек. Көпшілік стартапты «ойлап тапсаң, болды» деп түсінеді. Шындығында, бұл әрі ғылым, әрі өнер. Кремний алқабында стартап бастау үшін жоғары білікті болуың, сонымен қатар жан-тәніңмен беріле істеуің қажет, әсіресе белгісіздік кезеңі туындай қалғанда мойымауың керек. Бұл жердің стандарттары өте жоғары, бір ғана «қалау» жеткіліксіз, істің мәнін терең түсіну қажет.

Бүгінде сіздің негізгі жобаңыз – Surfaice стартапы. Оны жасау идеясы неден туындады?

Мен бұл индустрияда көптен бері жұмыс істеймін, сондықтан құрылыс саласында технологиялық компаниялар құрғанды жақсы көремін. АҚШ-қа келген соң бұл елде құрылыс нарығы қалай жұмыс істейтінін терең зерттей бастадым. Ірі және шағын құрылыс компанияларын қоса алғанда, 70-тен астам сұхбат жасадым. Біртіндеп құрылыстағы тиімді процестер мейрамхана, мектеп, аурухана, инфрақұрылымдық нысандар сияқты қалыпты жобаларда жақсы жүзеге асатынын байқадым. Дәл сондай жобаларда жасанды интеллект ойдағыдай нәтиже береді екен, өйткені оларда дерек те, стандарт та, дайын үлгі де бар. Осылайша типтік жобалар құрылысын жедел ететін әрі арзанға түсетін AI-шешім жасап шығу идеясы туындады.

– Surfaice нақты қандай шешімдер ұсынады?

Біз мұны тік біріктірілген агент деп атаймыз, яғни бұл құрылыс компаниясының процестеріне енгізілген ChatGPT секілді жүйе. Ол AI-прорабқа айналады: коммуникацияны, бюджетті, жабдықтау мен блгіленген мерзімдерді басқарып отырады. Ол деректерді талдап, ұсыныстар беретін, жобадағы әлсіз тұстарды көрсететін цифрлық көмекші.

Мәселен, сізде McDonald’s-тың жүз мейрамханасын салған тәжірибелі жобалық менеджер бар делік, енді одан Starbucks салып беруді өтінсе, ол оны да оп-оңай алып шығады, себебі тәжірибесі жетеді. Біздің жүйеміз дәл сондай тәжірибелерді меңгереді де, ісін жаңа бастағандарға сарапшы маман тәрізді көмектесе алады. Surfaice жобалық менеджерлерге қайталанатын міндеттерді жасанды интеллектіге тапсырып, негізгі назарды тәуекелдер мен сапаны басқаруға аударуға мүмкіндік береді.

Бұл тәжірибе жүзінде қалай болмақ?

Айталық, сіз 10-20 қалада кофехана желісін салғыңыз келді дейік. Онда жүйеге кіріп, нысанның тек түрін, бюджеті мен мерзімді енгізесіз. Жүйе автоматты түрде бюджетті есептеп, мердігерлер ұсынып, кестедегі ауытқулар мен басымдықтарын көрсетіп береді. Осылайша көптеген күрделі міндетті жеңілдетіп, өнімділікті арттырады.

Сіздің компанияңыздың қазақстандық клиенттері немесе инвесторлары бар ма?

Инвесторлар арасында бірнеше қор бар, соның ішінде MOST Ventures Fund, Early-stage, Big Sky Capital (басқарушы серіктесі Әділ Нұрғожин), британдық Sturgeon Capital Ltd. компаниясы, сондай-ақ құрылыс технологияларына маманданған, Кремний алқабында танымал венчурлық қор Shadow Ventures бар.

Ал қазақстандық құрылыс компаниялары арасында әзірге белсенді клиенттер жоқ. Біз бұл нарықтан зор сұраныс байқап отырған жоқпыз және құрылыс саласындағы IT-мәдениеттің төмен екенін жиі көреміз. Ал АҚШ-та қазірдің өзінде жеті бірдей тұрақты клиентіміз бар. Ол жақта технологияға бәсекелі артықшылық ретінде қарайды, ал бізде қазірше көбіне тәжірибе түрінде қабылданады.

Бұған дейін Surfaice жобасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырған едіңіз. Мемлекет бұл жобаға неліктен қызығып отыр?

Елімізде мектеп, аурухана мен тұрғын үй тапшылығы бар, ал бұл игі қоғам үшін кемшін тұс. Біз шетелдік нарықтарда жасанды интеллектінің құрылыс процесін қалай жеделдетіп әрі арзандата алатынын көрсеттік және осы шешімімізді Қазақстанда үш мектептің құрылысына қолданып көруді ұсындық. Президент біздің бастамамызға қолдау білдірді. Қазір біз Қазақстанның Құрылыс және өнеркәсіп министрлігімен жұмысты бастадық ол шешімді типтік инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеу жүйесіне енгізу туралы Үкімет басшысының бұйрығы бар.

Басқа елдердегі тәжірибелеріңіз бен қазақстандық MoyDom.kz жобасы туралы айтып берсеңіз.

Алған білімім бойынша мен ғарыштық кешендерді басқару инженерімін, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін үздік бітірдім. Содан соң Oracle ERP-жүйелерін енгізумен, консалтингпен айналыстым, дегенмен әрқашан кәсіпкерлікке қызығатын едім. Сол себепті 2014 жылы Яндекс.Старт бағдарламасына қатысып, ТМД аумағындағы алғашқы құрылыс материалдары маркетплейсін іске қостым. Бұл жоба кейіннен Ресейдің жеті қаласында мыңдаған жеткізілім жасайтын компанияға айналды. 2021 жылы MoyDom.kz жобасын қазақстандық серіктесімізбен бірге іске қостық. Содан кейін маған экономикалық өсімі қарқынды дамып жатқан Вьетнамға барып келу туралы ұсыныс түсті. Мен сол алып нарыққа арналған B2B форматындағы құрылыс материалдарының маркетплейсін жасау идеясынан шабыт алдым. Алайда Кремний алқабына келген соң мақсатым бизнеспен ғана емес, инновациялармен де айналысу екенін түсіндім. Мені алға жетелейтін нәрсе құрылысты қарапайым әрі қиындықсыз салуға деген құштарлық.

Қазақстанға қайтып келу туралы жоспарыңыз бар ма?

Қазіргі таңда біздің өнімге деген негізгі сұранысты АҚШ-тан көріп отырмыз. Мұнда клиенттер өздері келеді, ал Қазақстанда қазірше өзімізге өзгені сендіруге тура келеді. Соған қарамастан, өз елімізде де пайдалы болсақ деген ұмтылысымыз бар. Қазақстандық инженерлер мен кәсіпкерлер бізбен бірге дамыса екен дейміз. Сондықтан Қазақстанда пилоттық жобаларды белсенді түрде іске асырып жатырмыз. Қайтып келуіміз де мүмкін. Ең бастысы қажет бола білу!

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.