Қазақстанда елдің цифрлық экожүйесін SuperApp қағидаты негізінде кезең-кезеңімен біріктіру көзделіп отыр, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
«Қолайлы әрі қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттік мобильді сервистер SuperApp қағидаты бойынша eGov және Aitu экожүйелеріне кезеңдеп біріктіріледі. Бұл интеграция мобильді қосымшалардың бытыраңқылығын жойып, процестерді жеделдетіп, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырады», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ «Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркін» өңірлік инновациялар мен кәсіпкерлік орталығы ретінде нығайту мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізімі кеңейтілетіні атап өтілді. Оған мультимедиа, дизайн және ойын әзірлеу, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу, сүйемелдеу және түрлендіру, киберспорт саласындағы қызметтер сияқты танымал бағыттар енгізіледі. Бұған қоса, тізім ҚР резиденті емес тұлғалардың бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы бизнес-процестерді аутсорсингтеуі және ағылшын тілін оқыту қызметтері де кірді.
Мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынышты ұйымдарына жеке мобильді қосымшалар әзірлеуге тыйым салынады. Мұндай қосымшаларды тек eGov және Aitu платформаларында ғана енгізуге рұқсат етіледі.
Салалық ведомстволарға Alem.cloud ұлттық суперкомпьютер орталығының есептік ресурстарын бөлу қағидаларын бекіту тапсырылды. Олар Astana Hub стартаптарын, ғылыми ұйымдар мен университеттерді, мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынышты ұйымдарын, сондай-ақ жеке сектор дың, оның ішінде шетелдік компаниялардың жобаларын жоғары өнімді есептеу қуаттарына ашық әрі айқын қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс.