Елімізде Әділетті Қазақстанды құруда нақты шаралар қолға алынып, азаматтарымыз мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауға белсенді араласа бастаған.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні мерекесіне арналған жиында атап өтті.
«Ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланатын болды. Ауыл әкімдерінің барлығы, ал аудан әкімдерінің 25 пайызы жаңарды. Осылайша, билік жүйесі айтарлықтай өзгерді. Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Ашығын айтсақ, осы аймақтағы билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еліміз саяси реформаны табысты іске асырып жатыр, соның нәтижесі ретінде қоғамда түбегейлі жаңғыру үдерісі басталуда.
«Пандемия, алпауыт елдердің санкциялық текетіресі, қалыптасқан сауда жолдарының бұзылуы, түрлі қақтығыстар мен соғыстар әлем елдерінің дамуына орасан зор шығын келтірген. Бұл жағдайлар Қазақстанға да салқынын тигізді. Дегенмен біз қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. Экономикамыздың әлеуетін сақтай отырып, оны тың серпінмен дамыта түстік. 2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Белгілі болғандай, Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды.