Ақтөбе облысында ұлттық мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұнда «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ғылыми-зерттеу институтының ғимаратының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталды.
«Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндірісі» ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Әлібек Базарғалиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқталмақ.
«Қазақ жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында алғашқы ауыл шаруашылығы форумында ашылды. Биыл, бір жылға жетпей, бұрынғы тәжірибе станциясы ғылыми-зерттеу бағытына ауыстырылды. Қазіргі уақытта жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа нысан құрамында бес зертхана болады. Бұл зертханаларда асылтұқымды жылқыларды жан-жақты зерттеу жоспарланып отыр. Институттың басты мақсаты – жылқы етін және қымызды шетел нарығына экспорттау, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы спорт бағытындағы жылқы шаруашылығын ілгерілету. Сонымен қатар, отандық шабандоздардың халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуына жағдай жасау көзделуде», – деді Әлібек Базарғалиев.
Институттың жобалық сызбасына сәйкес, кешен аумағында манеж, ат қора, ветеринариялық пункт, зертханалар мен ат жарыс жолы бар.
Аталған институттың құрылыс жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында аяқталып, толық іске қосылады деп күтілуде. Жоба іске асқан жағдайда, Ақтөбе өңірі еліміздегі жылқы шаруашылығы мен қымыз өндірісінің басты ғылыми орталығына айналмақ.