Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан мен АҚШ стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ниетті
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 30 қазан, 2025 | 11:32
2 минут - оқу уақыты

Қазақстан мен АҚШ стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ниетті

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов АҚШ Президентінің арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

QazMonitor Logo

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесу өткізді.

Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтіп, бұл кездесу екіжақты қатынастардың сауда-экономикалық әлеуетін одан әрі аша түсу үшін маңызды қадам болатынын айтты.

Қазақстан Үкіметі шетелдік, соның ішінде америкалық бизнес үшін де қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді.

ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 1993 жылдан бері АҚШ-тан тікелей инвестициялардың жалпы ағыны шамамен $61,2 млрд-ты құрады, бұл Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы көлемінің 13%-ынан асады. Соңғы бес жылда өзара сауда көлемі екі есеге артып, $4,2 млрд-қа жетті.

Кездесу барысында қатысушылар сауда байланыстары мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Өнеркәсіпте, цифрлық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистикалық, су және тағы да басқа салаларда өзара іс-қимылды тереңдету жөніндегі шаралар қаралды.

Екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтар баяндама жасады.

Көлік-транзит саласындағы жаңа түйісу нүктелеріне назар аударылды.

Энергетика секторында бірлескен жобалар шеңберінде озық технологияларды жаңғырту мен енгізудің маңыздылығы атап өтілді.

АӨК саласындағы әріптестік маңызды бағыт болып саналады. Қазақстан әлемдегі астық пен ұнды ең ірі экспорттаушылардың ондығына кіреді. Осы ретте астықты терең өңдей отырып, одан әрі АҚШ, ЕО, Қытай және Үндістан нарықтарына экспорттау бойынша бірлескен жобалар талқыланды.

Цифрлық индустрия және ЖИ технологиялары саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету басым бағыт болып айқындалды. Оған аймақтағы басты алаң ретінде Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы алынып отыр. Ол Apple, Google және тағы да басқа алпауыттарды қоса алғанда әлемдегі жетекші технологиялық компаниялардың басын біріктіреді. Еліміздің цифрлық экожүйесінің маңызды элементі – Astana Hub, онда бүгінде 1700-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Калифорния штатында (АҚШ) Қазақстан Silk Road инновациялық орталығын ашты. АҚШ-тың жетекші компанияларымен және жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып ҚР мен АҚШ арасындағы технологиялық әріптестікті нығайтатын акселерациялық бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Кездесу қорытындысында қатысушылар барлық перспективалы бағыттар бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін растады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.