Қазан айының қорытындысы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 0,3%-ға төмендеп, 3,7 трлн теңгені құрады. Бұл өзгеріс негізінен теңгенің шетел валюталарына қатысты нығаюы мен валюталық активтердің қайта бағалануымен байланысты. Дегенмен, жыл басынан бері активтер 19,8%-ға өсті.
Активтердің құрылымында ең үлкен үлес бағалы қағаздарға тиесілі – 72,8% немесе 2,7 трлн теңге. Екінші деңгейлі банктердегі ақша және салымдар 8,3% (309 млрд теңге), сақтандыру дебиторлық берешегі 3,8% (143 млрд теңге) болды.
Сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері қазанда өзгеріссіз қалып, 2,6 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 21%-ға артқан. Ал меншікті капитал дивидендтердің төленуі нәтижесінде 0,9%-ға азайып, 1,1 трлн теңгеге түсті (жыл басынан бері +17%).
Қазан айында сақтандыру нарығының таза пайдасы 5 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 227 млрд теңгеге жетті.
Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалармен 20,2 млн сақтандыру шарты жасалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 6,5%-ға көп. Негізгі өсім өмірді сақтандыру сегментінде байқалып, бұл бағыттағы шарттар саны 106,9%-ға артқан.
2025 жылғы қазанда сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 117,9 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері жинақталған сыйлықақылар 1,3 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11,2%-ға өсті.
Өсімнің негізгі драйвері – ерікті жеке сақтандыру. Қазан айында бұл сегментте 68 млрд теңге, жыл басынан бері 675,8 млрд теңге жиналды (+7,9%). Бұл көрсеткіштің артуына зейнетақы аннуитеттері бойынша сыйлықақылардың 8,6%-ға, өмірді сақтандыру сыйлықақыларының 14,3%-ға өсуі әсер еткен.
Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша да өсім байқалды: қазан айында 32,1 млрд теңге, жыл басынан бері 451,3 млрд теңге жиналып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға артты. Бұл, негізінен, мүлікті залалдан сақтандыру көлемінің 17,4%-ға ұлғаюымен түсіндіріледі.
Міндетті сақтандыру сегментінде де өсім бар. Қазанда бұл бағытта 17,7 млрд теңге, жыл басынан бері 219,2 млрд теңге жиналды (+6,2%). Негізгі өсім көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша байқалып, бұл сегмент 17,9%-ға өсіп, 98,3 млрд теңгеге жетті.
2025 жылғы қазанда сақтандыру төлемдері 45,3 млрд теңгені құрады (170,2 мың төлем). Жыл басынан бері төлемдер 365 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 36,9%-ға артты. Ең үлкен өсім ерікті мүліктік сақтандыруда байқалды – төлемдер көлемі 45,1%-ға артып, 118,3 млрд теңгені құрады.